Зектілері

Шымкентте соғыс ардагерлеріне көлік кілті табысталды (фото)

Жарияланған күні:

Мұраталы Төлепбергенұлы
Соғыс ардагері Мұраталы Төлепбергенұлы. Фото: Шымкент қаласының әкімідігі

Шымкентте Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында батырлардың ерлігіне тағзым етіліп, құрмет көрсетілді, деп хабарлайды қала әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде Шымкент қаласында екі соғыс ардагері – Нина Мосунова мен Мұраталы Төлепбергенұлы тұрады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ардагерлерді атаулы күнмен құттықтап, "Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл" мерекелік медальдарын табыстаған, сондай-ақ мемлекет басшысы мен Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хаттарын оқыған.

Ғабит Сыздықбеков ардагерді құттықтауда
Ғабит Сыздықбеков ардагерді құттықтауда. Фото: Шымкент қаласы әкімідігі

Майдангерлердің құрметіне аулаларда жеке шерулер ұйымдастырылып, ардагерлерге демеушілер тарапынан жаңа көліктердің кілттері табысталған.

ардагерлерге табысталған көлік
Ардагерлерге табысталған көлік. Фото: Шымкент қаласы әкімідігі

Нина Егоровна Мосунова 1924 жылы 9 наурызда Татарстан республикасының Урустамак ауылында дүниеге келген. 1942 жылы өз еркімен әскер қатарына алынып, Қазан қаласында телеграфшы мамандығын меңгеріп, кейін Горький қаласында осы салада жұмыс істеген.

1943 жылы майдан шебіне аттанып, Можайск маңындағы шайқаста пулеметші болған. Сондай-ақ 36-шы әскери бөлімнің "Зенит" бригадасында қызмет атқарып, радистер бөлімінің командирі болған. Соғыстан кейін Башқұртстандағы Октябрьск қаласында кассир болып еңбек еткен.

1948 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Шымкент қаласында кітапханашы болып жұмыс істеген. 1967 жылы "КазЮгвзрывпром" мекемесінде хатшы-машинист қызметін атқарған. Жауынгерлік ерлігі үшін "Германияны жеңгені үшін" медалімен марапатталған.

Бүгінде Нина Егоровна — бір баланың анасы, екі немеренің және бес шөберенің ардақты әжесі.

Соғыс ардагеріне құрмет көрсетілді.
Шымкентте ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Фото: Шымкент қаласы әкімідігі

Мұраталы Төлепбергенұлы 1925 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Жаскешу ауылында дүниеге келген.

1943 жылы небәрі 18 жасында қолына қару алып, Брест қамалынан бастап бірнеше қаланы азат етуге қатысқан. Жауынгер жеңісті Германияның Виттенберг қаласында қарсы алған. Елге тек 1950 жылы оралған.

Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде трактор бригадасын басқарған, есепші болған, сондай-ақ фермада басшылық қызмет атқарған. Екі ұл, алты қыз тәрбиелеп өсірген абыз қария бүгінде 21 немере мен 3 шөберенің атасы.

Мұраталы Төлепбергенұлы ІІ дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, "Ерлігі үшін", "Варшаваны азат еткені үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдармен марапатталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2243355-shymkentte-sogys-ardagerlerine-kolik-kilti-tabystaldy-foto/