Зектілері

"Биыл менде мерейтой десе де болады": рухты дауысымен 20 жыл әскери шеруді жүргізген диктор туралы не белгілі

Жарияланған күні:

Азамат Қанапия
Азамат Қанапия. Видеодан скрин: instagram.com/bugin.live

Тыңдарман түрін біле бермесе де, дауысынан жазбай танитын тұлғалар бар. Солардың бірі 20 жылдан бері әскери шеруді жүргізіп келе жатқан Азамат Қанапия. "Бүгін LIVE" студиясына қонақ болған диктор ісінің қыр-сырын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Азамат Қанапияның Жеңіс күніне арналған әскери шеруді жүргізгеніне биыл 20 жыл болған.

"Биыл менде мерейтой десе де болады. Себебі, әскери шеруді жүргізіп жүргеніме 20 жыл болыпты. Биыл 13-парадты жүргізіп отырмын. Ең алғашқы парадты сол кездегі Ақпарат және мәдениет министрлігі мен Қорғаныс министрлігі бірігіп ұйымдастырды. Сосын парадты жүргізетін адамдарды шақыртты. Ол кездегі Мәдениет министрі "Көшпенділер" киносын көріп, ондағы дауысты ұнатқан болуы керек. Содан кейін осы дауыс парадты жүргізеді деп, мені шақырған. Ал орысша жүргізуге 3 адамды шақыртты. Олардың әрқайсысын тыңдап көріп, ішінен біреуін таңдады", - дейді диктор.

Азамат Қанапия әр шеруде микрофон тізгінін ұстаған сайын қобалжитынын жасырмады. Мысалы, биылғы парадта оқыған мәтіннің өзі 77 беттен тұрған.

"Ол жерде жаңылмау керексің. Кейде оқитын мәтінің ұзақ болып кетсе, үлгеру қажет. Орайын келтіріп, дер кезінде тоқтап, мінбер алдынан өтіп бара жатқан әскерилерді айтып үлгеруің керек. Мәтінді оқып қана қоймай, оның алаңдағы іс-әрекетке сай келуін түгелдей бақылап отырасың. Сондықтан жауапкершілігі өте ауыр. Ол жерде құр оқып қана қоймайсың. Оқыған кезде ол тыңдарманның құлағына жетіп, олар өзіне рух алу керек. Сенің негізгі міндетің сол болғандықтан, әрбір адамға ой салып, жүрегіне жеткізе білу керек", - дейді ол.

Сұқбат барысында Азамат Қанапия дикторлық мансабына қалай келгенін де айтқан.

"Мен негізі актермін. Театрда жұмыс істедім. Ал бұл жұмысқа шамамен 23-24 жасымда келіппін. Ең басында "Хабар", "Еларна" телеарналарында фильмдерді, түрік сериалдарын қазақшалап бастады ғой. Біз де сол алғашқы толқынға келіп түстік. Содан кейін осы салаға бірыңғай кірісіп кеттік. Кейде актерлікті де сағынамын", - дейді ол.

Диктор кейде өзін дауысынан танып жататындардың жиі жолығатынын жеткізді.

"Кейде телефонға жауап бергенде тапсырыстар түсіп, арнайы дауыспен сөйлеуге тура келеді. Сол кезде қасыңда естіп қалған адам бірден танып жатады. Ауызекі тілде білдіртпеуге тырысамын. Бірақ соған қарамастан бірден танитындар да табылып жатады", - дейді Азамат Қанапия.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2243421-biyl-mende-mereitoi-dese-de-bolady-ruhty-dauysymen-20-zhyl-askeri-sherudi-zhurgizgen-diktor-turaly-ne-belgili/