Тараздық оқушылар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ақылды құрылғы жасап шықты
Опубликовано:

Бүгінде еліміздің әр өңірінде талантымен талайды тамсандырып, білімімен биік белестерді бағындырып жүрген жастар аз емес. Солардың қатарында Тараз қаласының жас өнертапқыштары Қанат Тәжіхан мен Барысхан Қалдыбай да бар.
Жуырда жас өнертапқыштар инклюзивті "Úmit" ақылды құрылғысын жасап шықты. Тараздық оқушылар ойлап тапқан жоба Орталық Азиядағы жасанды интеллект жобалары арасында жеңімпаз атанды. Бәсі биік "AICA AWARDS – 2025" байқауына 5 мемлекеттен 60-тан аса жоба қатысқан. Солардың арасынан суырылып шығып, сайыстың бас бәйгесін иеленген отандық стартаптың пайдасы ұшан-теңіз.
"Úmit" – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ақылды құрылғы. Осы жүйенің арқасында толық сал болып қалған адам кітап оқып, жұмыс істей алады, тіпті бағдарлама жазып, дизайн жасайды. Аталған құрылғы тіл мен бастың қозғалысы арқылы смартфон мен компьютерді басқаруға, мүгедектер арбасын жүргізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – құрылғы жасанды интеллектпен жабдықталған. Яғни, ол адамның әрекетін тек орындап қана қоймай, не істегісі келетінін алдын ала болжайды. Мысалы, пайдаланушы тікбұрыш сызғысы келсе, жасанды интелект пішінді өзі-ақ түзетіп береді, не болмаса экрандағы батырманы дәл табуға көмектеседі.
"Úmit" атты жобамыз мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолайлы өмір сүруіне бағытталған. Біз жасап шығарған құрылғы тірек-қимыл аппаратында ақауы бар жандарға арналған капа, яғни тіске киетін протездің бір түрі. Ол арқылы қол-аяғы қимылдамайтын азаматтар жасанды интеллект негізінде бас және тіл қимылы арқылы телефон, ноутбук, теледидар, планшет секілді цифрлық құралдарды және мүгедектер арбасын басқара алады. Былайша айтқанда, бұл мүгедектігі бар адамдарға арналған пульттің бір түрі.
"Umit" – мүгедектігі бар азаматтар үшін рентабельділігі жоғары, өміршеңдігі дәлелденген шешімдердің бірі. Қазіргі қолданыстағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған құрылғылардың кейбір шетелдік аналогтары тек көзбен немесе дауыспен басқарылады. Ал "Úmit" олардың бірнеше функциясын біріктіріп, қазақша да, ағылшынша да жұмыс істейтін етіп жасалған.
Құрылғыны жасау барысында біз сенсорларды басқару, уытсыз әрі ыңғайлы материал табу, шағын әрі қуатты микрочип дайындау сияқты көптеген қиындықтарға тап болдық. Соған қарамастан 2 жыл ішінде алғашқы прототипті дайындап, кейін жасанды интеллектпен жетілдірілген жаңа нұсқасын шығардық", - дейді Барысхан Қалдыбай.

"Úmit" жобасы ресми түрде патенттелген. Бұл өнертабыс тек ғылыми тұрғыда ғана емес, заңды түрде де қорғалған, яғни келешекте өндіріске енгізуге және сатылымға шығаруға толық құқық береді.
"AICA AWARDS" байқауында "Úmit" жобасы тек инновациялылығы үшін ғана емес, сонымен қатар практикалық қолдану мүмкіндігінің жоғары болуы жағынан да назарға алынған.
"Ұзақ уақыт бойы жобалап, жүзеге асырған бұл жобамыз идеядан нақты жұмыс істейтін аппаратқа айналды. Осы арқылы біз мүгедектігі бар адамдардың күнделікті тіршілігін барынша жеңілдетуге мүмкіндік алып отырмыз.
Өнертабысымыз "AICA AWARDS-2025" байқауында үздік деп танылғанына қуаныштымыз. Біз Қазақстанның тек мәдениет пен спортта ғана емес, ғылым, білім, технологияны игеруде де оза шауып, жасанды интеллект саласында көшбасшы бола алатынын дәлелдедік деп ойлаймын. Осылайша біз жас буынға беріліп жатқан білімнің әлемнің өзге елдерінен еш кем емес екенін, ең бастысы одан нәтиже шығып жатқанын нақты көрсете алдық. Сондықтан бұл тек біздің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Ұлттық құрылтайда Қазақстан технология және жасанды интеллект саласында көшбасшы болу керектігін баса айтқан еді. Біз бұл сөзді алдымызға мақсат ретінде қойдық. Егер оқушылар жылдар бойы жинаған білімін ел пайдасына жаратып жатса, біздің мемлекетімізде кез келген салада алдыңғы қатарда болуға барлық мүмкіндік бар", - дейді жобаның негізін қалаушы Қанат Тәжіхан.
Қазір жоба авторлары құрылғыны толық автоматтандырып, қолдануға барынша ыңғайлы етіп жасауды көздеп отыр. Сонымен қатар олар "Úmit"-ті халықаралық нарыққа шығармақ.
"AICA AWARDS" байқауы "Úmit" жобасы Орталық Азиядағы ең озық ЖИ жобаларының бірі екенін дәлелдеді. Алдағы уақытта өз зертханамызды ашып, құрал-жабдықтар сатып алып, өндірістік желіні іске қосқымыз келеді. Осылайша біз әлемдегі барлық мүгедектігі бар азаматтардың ғылым мен білім игеріп, өмірлерін барынша жеңілдеткенін қалаймыз. Аты айтып тұрғандай, "Úmit" барша мұқтаж жанға үміт сыйласа екен дейміз", - дейді жас өнертапқыш Барысхан Қалдыбай.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2244930-tarazdyq-oqushylar-mumkindigi-shekteuli-zhandarga-arnalgan-aqyldy-qurylgy-zhasap-shyqty/