Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері қазақстандықтарға маңызды үндеу жасады
Опубликовано:

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері балалардың терезеден құлау жағдайларына байланысты алаңдаушылық білдіреді. Себебі жыл басынан бері осындай 60 жазатайым оқиға болғаны туралы ақпарат бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жылы мезгіл басталғанда, сондай-ақ жазғы мектеп демалысы кезінде жыл сайын осындай оқиғалар саны артады.
"Биыл жыл басынан бастап ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығына балалардың терезеден құлауына байланысты 60 жазатайым оқиға туралы ақпарат келіп түсті. Бес бала оқиға орнында қайтыс болды, 55 бала түрлі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді", - дейді ТЖМ өкілдері.
Ведомствоның хабарлауынша, 2024 жылы осындай 196 оқиға тіркелген.
"Әдетте ересектердің қарауынсыз қалған 2 жастан 13 жасқа дейінгі балалар ықтимал аймақта. Көбінесе қайғылы жағдай балалар москит торларына сүйенген кезде болады, себебі бұл тор салмақ көтермейді", - дейді құтқарушылар.
Ведомство басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Құтқарушылар, ата-аналармен кездесу кезінде және балалар мекемелерінде рейдтер, профилактикалық іс-шаралар өткізеді.
Азаматтарды хабардар етуді арттыру үшін ақпараттық ресурстар белсенді түрде тартылып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі барлық ата-ана мен балалардың заңды өкілін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады:
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- Москит торларына сенбеңіз — олар баланы ұстап қалмайды;
- Терезелерге арнайы бекіткіштер мен блокаторларды орнатыңыз;
- Бала терезе алдына шыға алмас үшін терезе маңындағы жиһаздарды алып тастаңыз.
"Әрбір қайғылы оқиғаның алдын алуға болады. Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік ересектерге жүктеледі. Балаларға қамқор болыңыз. Біз үшін әрбір өмір маңызды", - делінген хабарламада.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2246760-totenshe-zhagdailar-ministrligining-okilderi-qazaqstandyqtarga-mangyzdy-undeu-zhasady/