Талдықорғанда төрт ұлдың әкесі төнген қауіпке қарамастан, қайғылы жағдайдың алдын алды
Опубликовано:

Жетісу облысында Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, кіші сержант Серікжан Орал жедел және кәсіби әрекет етіп, оқыс оқиғаның алдын алған. Бұл туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, жер үйлердің жанынан өтіп бара жатқан әскери қызметші ауладағы нысандардың бірі жанып жатқанын және сол жерден бойын үрей билеген ер адамды көрген.
Ол кіші сержантқа жанып жатқан нысан ішінде әйелі болуы мүмкін екенін айтқан. Әскери қызметші уақыт жоғалтпай, бірден түтінге оранған үйге кіріп кеткен. Алайда үй ішінен ешкімді таппай, сыртқа шығып әлгі азаматқа әйеліне қоңырау шалуын сұраған. Қуанышқа орай, жұбайы үйден тыс жерде болған.
Сондай-ақ үй иесі іште газ баллоны бар екенін айтады. Жағдайдың ауырлығын түсінген кіші сержант іштей қауіптенсе де, жанып жатқан нысанға қайта кіріп, баллонды жылдам алып шыққан.
Осылайша, әскери қызметші өзінің табандылығы мен шапшаңдығының арқасында жарылыс пен одан келер ауыр салдардың алдын алған.
Төрт ұлдың әкесі Серікжан Орал мұндай жағдайда кез келген ер азамат қолдан келгенше көмектесетініне сенімді. Ол балаларының әке ізімен, Отан қорғаушы болғандарын армандайды.
"Дәл осындай адамдар күн сайын, әскери қызметтің – халыққа риясыз қызмет ету және кез келген сәтте көмекке келуге дайын болу екенін көрсетіп жатыр. Оралдың әрекеті – батылдық пен шынайы азаматтық жауапкершіліктің жарқын дәлелі", - делінген хабарламада.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2246763-taldyqorganda-ulttyq-ulan-serzhanty-tongen-qauipke-qaramastan-qaigyly-zhagdaidyng-aldyn-aldy/