183 мың талапкер ҰБТ тапсырады: биыл грант конкурсына құжат қабылдау қашан басталатыны белгілі болды
Опубликовано:

Қазақстанда ЖОО-ға түсетін талапкерлер үшін ҰБТ басталды. Ел бойынша емтихан 46 орталықта 16 мамырдан 7 шілдеге дейін өтеді. Ал грантты тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау шілденің 13 мен 20 аралығында жүргізіледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгін үкімет отырысында ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ЖОО-ға түсетін талапкерлер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғаны туралы хабарлады. 16 мамырдан 7 шілдеге дейін емтихан бүкіл еліміз бойынша 46 аймақтық орталықта өтеді.
Ведомствоның мәліметінше, өңірлік орталықтар республикалық маңызы бар қалаларда (8), облыс орталықтарында (16), ірі аудан орталықтарында (18) және облыстық маңызы бар қалаларда (4) орналасқан.
Олар 5800 компьютермен, үздіксіз интернетпен, бейне серверлермен, ұялы сигналдарды басатын құралдармен, металл детекторлармен, жеке және бейнебақылау камераларымен, бетті тану жүйесінің планшеттерімен, күзет дабылымен, VPN арналарының қосқыштарымен, генераторлармен жабдықталған.
Ұлттық тестілеу орталықтары ақпараттық желілері мен жүйелері ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді.
"Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Талапкерлерге осы аралықта ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілген. 2025 жылы 217 мыңға жуық талапкер оқуды бітіреді, оның ішінде 183 мыңы ҰБТ-ға тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда тестіленушілердің саны 30 мыңға артты. Тест аяқталғаннан кейін түлектер дұрыс және бұрыс жауаптармен ғана емес, сонымен қатар ҰБТ нәтижелерінің толық талдауымен де таныса алады", - деп атап өтті Талғат Ешенқұлов.
Жергілікті атқарушы органдар, Денсаулық сақтау, ІІМ, ЖОО мен білім басқармалары өкілдерінен жасақталған аймақтық мемлекеттік комиссиялар құрылды. Аталған комиссиялар қоғамдық тәртіпті, өрт қауіпсіздігін сақтау, антитеррористік шараларды қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық қызмет пен психологтардың тұрақты кезекшілігін ұйымдастыру жұмыстарын атқарады. Цифрлық даму министрлігі ҰБТ уақытында аймақтық тестілеу орталықтарының үздіксіз интернетпен қамтамасыз етеді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, грантты тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау шілденің 13 мен 20 аралығында жүргізіледі. Оның нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орнына тіркелу 25 тамызға дейін.
ЖОО-да биылғы оқу жылы 10 шілдеге дейін аяқталады және сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізіледі.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2246808-183-myng-talapker-ubt-ga-tirkelgen-biyl-grant-konkursyna-quzhat-qabyldau-qashan-bastalatyny-belgili-boldy/