jitsu gif

"Еліміздің қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді": депутат такси қызметіне қатысты мәселені көтерді

такси қызметі
Такси қызметі. Көрнекі фото: pexels.com

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Мархабат Жайымбетов еліміздегі такси қызметіне қатысты мәселені көтеріп, бірнеше ұсыныс айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жайымбетов премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында жүз мыңдаған қазақстандық жүргізуші цифрлық такси агрегаттарына тәуелді екенін атап өтті.

"Төленген әрбір жолақысының бір үзімін отандық жүргізуші алса, қалғанын сырттағылар алып отыр. Осы күнделікті тіршілігімізбен біте қайнасып кеткен онлайн сервистік такси қызметінен тапқан табыстардың белгілі бір пайызы шетелге кетіп жатыр.

Бір қарағанда барлығын шетелдік технократтар жасап беріп жатыр ғой дей салуға болады. Шын мәнісінде біз соларға тәуелді болу арқылы ішкі қаржы айналымында оңбай ұтылып жатырмыз", - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда цифрлық такси платформаларының комиссиясы 16 пайыздан басталады, таксопарктер тағы 2-4 пайыз қосады.

"Шын мәнінде, табыстың көп бөлігі платформалар мен таксопарктердің комиссиясына кетіп жатыр, жүргізушілерді күректеп ақша тауып жатыр деп айта алмаймыз.

Шетелдік платформалар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда, нарықтың басым бөлігі соларда. Елімізде отандық қосымшаларға қолдау аз, ресурсы шектеулі болғандықтан, олар бәсекеге төтеп бере алмайтынын байқаймыз.

Бәсеке болмаған соң халықтың таңдау мүмкіндігі тарылып, сапа мен баға мәселесі де шешілмей тұр. Жеке қабылдауларда халық такси тарифтерінің негізсіз қымбаттауын алға тартады. Әсіресе, мереке күндері немесе ауа райы күрт өзгерсе баға бірден шарықтап кетеді.

Бүгінгі таңда шетелдік цифрлық платформалар экономикалық айналымнан жүргізушілер мен халықты қоса алғанда, ел экономикасына инвестиция салмай-ақ, инфрақұрылымды дамытпай-ақ ондаған миллиард теңге алып отыр деуге болады. Осындай жағдайлар еліміздің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді", - деді Мархабат Жайымбетов.

Осыған байланысты депутат келесі ұсыныстарды қарастыруды сұрады.

"Біріншіден, қазақстандық цифрлық қосымшаларды құруға қолдау көрсету. Табысты қазақстандық цифрлық платформаларды жұмысқа тарту.

Екіншіден, осы нарық үшін аса маңызды инфрақұрылымды – елдің цифрлық картасын құру қажет. Ол ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды.

Үшіншіден, нарықтың өзгермейтін монополиялық жағдайы ірі такси агрегаторлары алатын комиссиялардың мөлшерін бағалық реттеуді талап етуіміз керек. Яғни, такси платформалардың комиссиясын 3-5 пайызға дейін түсіру қажет.

Төртіншіден, такси, азаматтық авиация және теміржол көлігі агрегаторлары қызметтерінің монополиялық нарығында пайдаланылатын динамикалық баға белгілеуді олардың негізгі шығындары іс жүзінде өзгермейтінін, ал монополиялық көрсетілетін қызметтерге сұраныс қана өзгеретінін ескере отырып, реттеуіміз қажет деп санаймын", - деді ол.

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.