Шерзат Болат ісі: сот отырысында судья жәбірленушінің өкілі Мейірман Шекеевке ескерту жасады
Опубликовано:

Бүгін, 21 мамырда түстен кейінгі сот отырысында сотталушының қорғаушыларының бірі судьядан жәбірленуші тараптың өкілі, заңгер Мейірман Шекеевке қатысты шара қолдануды сұрады. Оған Мейірман Шекеевтің TikTok желісіндегі парақшасында жарияланған видео себеп болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Мейірман Шекеевтің TikTok желісіндегі парақшасында "Шерзаттың ісі ақынның көзімен" атты бейнеролигінде мүлде іске қатысы жоқ блогерлер мен жәбірленушінің өкілі, заңгер Мейірман Шекеев сот талқылауына қатысты блогерлердің дұрыс емес құқықтық пікірін білдіртіп, субъективті баға бергенін қолдап, яғни, солармен бір дастарқанда отырып, қол шапалақтап, оларды қолдап отырған бейнеролигі желіде тарап, арандатушылық сипат орын алып отыр. Видеоролик сот отырысының хатшысына жолданған, құрметті сот. Осыған орай жәбірленушінің өкілі Мейірман Шекеевке шара қолдануыңызды сұраймын", - деп өтінішхат білдірді сотталушының қорғаушысы.
Бұған қатысты Мейірман Шекеевтің өзі пікір білдірді.
"Біріншіден, менің заң бұзғанымды және белгілі бір бағытта әрекет еткенімді сарапшы ғана анықтай алады. Екіншіден, ол ақын – еркін ақын, іске қатысты өз көзқарасын білдірді, өз парақшасына салды және бізді авторлыққа қосты. Бұл жерде жазбаны мен жазып отырған жоқпын. Сондықтан сараптама жүргізіңіз, содан кейін өтінішхатыңызды түсіріңіз", - деді адвокат.
Кейін судья Ержан Жанұзақов адвокатқа ескерту жасады.
"Бейнероликті қараудың қажеті жоқ, бірақ сізге ескерту жасаймын, сот жарияламау туралы түсіндірме айтты. Егер ол жеке отырыстарыңыз болса, жеке мұрағаттарыңызға сақтап қойыңыздар, бірақ жарияламауды сұраймын. Сізге бір жолға ескерту", - деді судья.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2247429-sherzat-bolat-isi-sot-otyrysynda-sudia-zhabirlenushining-okili-meiirman-shekeevke-eskertu-zhasady/