"Көбірек ізгі істер жасауға тырысу керек": ҚМДБ Құрбан айт мерекесіне қатысты мәлімдеме жасады
Опубликовано:

Бүгін һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Яғни Арапа күні биыл 5 маусымға сәйкес келеді. 6 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Мүфтияттың ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады.
Зулхижжа айын анықтау үшін мамандар зул-қағда айының 29-нда айды бақылайды.
"Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Осыған орай, 2025 жылы 27 мамырда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 28 мамырда басталып, арапа 5 маусымға, ал құрбан айт 6 маусымға сай келеді.
Зулхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған", - делінген хабарламада.
Дін мамандарының айтунша, арапа күні ораза тұту – сүннет.
"Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін", - деген.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: "Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал" ("Кәусар" сүресі, 2-аят) деп бұйырған", - дейді ҚМДБ өкілдері.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2249859-kobirek-izgi-ister-men-zhaqsy-amaldar-zhasauga-tyrysu-kerek-qmdb-qurban-ait-merekesine-qatysty-malimdeme-zhasady/