Елімізде отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалады
Опубликовано:

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің автоматтандырылған жүйесін іске қосуды тапсырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министрдің айтуынша, "Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізіліміне адал өндірушілер автоматты түрде қосылады. "Жалған өндірушілер" тізілімге ене алмайды.
Ал жаңадан өтініш берушілер қарапайым өтініштің және автоматты цифрлық тексеру негізінде ешқандай бюрократиясыз қосыла алады.
"Сарапшыларды шақыру мен басы артық тексерулерден өтудің және көп қағаз толтырудың қажеті болмайды. Барлығы цифрлық режимде, адамның қатысуынсыз жүргізіледі. Осыны баса айтқым келеді", - деді премьер-министр.
Үкімет басшысының айтуынша, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тізілім нақты отандық өндірушіні анықтау тетігіне айналады. Ал мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар өнімді сатып алуда осы тізілімге енген өндірушілерге басымдық береді.
"Бұл сапалы бақылауды қамтамасыз етіп, міндетін адал атқармайтын тауар өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді", - деді отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі функционалы туралы айта келе Олжас Бектенов.
Премьер-министр Қаржы министрлігіне тізілімді іске қосу міндетін қойды.
"Қаржы министрлігіне Цифрлық даму және Өнеркәсіп министрліктерімен бірлесіп, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің автоматтандырылған жүйесін іске қосуды тапсырамын", - деді Олжас Бектенов.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2251872-elimizde-otandyq-tauar-ondirushilerding-birynggai-tizilimi-zhasalady/