Роман Скляр министр Марат Қарабаевтың қызметінен босатылғанына қатысты пікір білдірді
Опубликовано:
Читать на русском
Ақорда кулуарында вице-премьер Роман Скляр көлік министрі Марат Қарабаев неліктен қызметінен босатылғанына қатысты журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Журналистер премьер-министрдің орынбасарынан министр Марат Қарабаевтың неліктен демалыс күні қызметінен босатылғаны туралы сұрады.
"Бұл жерде әдеттен тыс ештеңе көріп тұрған жоқпын. Ағымдағы процесс - адамдар келеді, кетеді. Министрлер жұмыс істейді, қызметінен босатылады. Мен бұл жерде ерекше ештеңе көріп тұрған жоқпын", - деп жауап берді Роман Скляр.
Ал Қарабаевтың өзіне қатысты вице-премьер оның қызметінен босатылуына "қандай да бір себептер" болғанын айта кетті.
"Бұл туралы қазір айтқым келмейді. Әр жаңа кезең басшыларға жаңа талап қояды. Шешімді талап ететін міндеттер бар. Қарабаев министрліктің алдында тұрған кей міндеттерді шешті.
Енді ведомство алдында тұрған мәселелерді жаңа басшы шешеді. Мемлекет басшысы тарабынан өте үлкен сын болғанын білесіздер. Көлік министрлігінде шынында да істейтін жұмыс баршылық.
Ешбір министрге баға бергім келмейді. Кімнің қалай жұмыс істегенін, қандай мәселелердің шешілгенін уақыт көрсетеді деп ойлаймын", - деді Роман Скляр.
Еске сала кетейік, 2025 жылы 14 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті.
Отырыста мемлекет басшысы көлік саласындағы ахуалды сынға алып, жиын соңында министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады.
Ал 8 маусымда мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Кәрімжанұлы Қарабаев Қазақстан Республикасының көлік министрі лауазымынан босатылды.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2254389-roman-skliar-ministr-marat-qarabaevtyng-qyzmetinen-bosatylganyna-qatysty-pikir-bildirdi/