"Хабар Summer": Астанада "Хабар" Агенттігінің 30 жылдық мерейтойына орай жазғы фестиваль өтті
Опубликовано:

Астана қаласындағы "Жетісу" саябағында "Хабар" Агенттігінің 30 жылдық мерейтойына арналған "Хабар Summer" жазғы фестиваль өтті. Бұл ерекше шара теледидарды студия қабырғасынан шығарып, шынайы көрерменмен бетпе-бет жүздесуді мақсат етті, деп хабарлайды Агенттіктің баспасөз қызметі.
Фестиваль таңғы уақытта "Оян" бағдарламасының ашық аспан астындағы арнайы шығарылымымен басталды. Жүргізушілер көрерменмен студияда емес, саябақ ішінде жолықты. Қала тұрғындары кәсіби йога жаттықтырушыларымен бірге тыныс алу жаттығуларын жасап, психология және медицина саласындағы сарапшылардың пайдалы кеңестерін тыңдады.

Елімізге танымал кәсіби отбасы психологы Ержан Мырзабаев келген қонақтардың жеке сұрақтарына жауап берді.
"Көп жағдайда көрермен теледидарды тек экранның ар жағынан тамашалауға дағдыланып қалған. Ал шынайы, оффлайн кездесулер — бүгінгі қоғам үшін өте маңызды. Біз қазір онлайн мен оффлайнның тепе-тең интеграциясына көбірек мән беруіміз керек. Себебі адамдарға жетпей тұрғаны — дәл осындай тірі қарым-қатынас", - деп Ержан Мырзабаев бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті.

Көрерменмен шынайы түрде кездесудің құндылығы қазір бұрынғыдан да биік.
Кейін саябақ көңілді кешке ұласты. Караоке аймағында қазақтың танымал хиттері шырқалды. Қонақтар мен қала тұрғындары түрлі флешмобтарға белсенді қатысты.

"Бұл — мүлде жаңа формат. Біз эфир шеңберінен шығып, көрерменмен бетпе-бет кездесуді қаладық. Бұл ниетіміз сәтті жүзеге асты деп ойлаймын", — деп атап өтті "Оян" таңғы шоуының жүргізушісі Дарын Олжабай.
Кешкісін көпшілік назарына отбасылық "Келінжан" кинокомедиясының ашық аспан астындағы көрсетілімі ұсынылды. Қала тұрғындары жайлы пуфиктерге жайғасып, сүйікті кейіпкерлерімен бірге күліп, жылы эмоцияларын бөлісті.

"Бұл — отбасыммен уақытты қызықты өткізуге және отандық киноны жақынырақ тануға жақсы мүмкіндік болды", — деп пікір білдірді Астана тұрғыны Рашит Мустафин.
"Қызым екеуміз "Келінжанның" жанкүйеріміз. Кездейсоқ көрсетілімге тап болдық — ерекше әсер алдық", — деп бөлісті қала қонағы Гүлжан Өтемісова.
"Хабар Summer" фестивалі көрерменге теледидар — бұл тек экрандағы сурет қана емес, оны жасайтын және тамашалайтын адамдардың арасындағы байланыс екенін еске салды. Осындай тікелей жүздесу барысында шынайы эмоция мен рухани жақындық пайда болатыны анық байқалды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2255631-habar-summer-astanada-habar-agenttigining-30-zhyldyq-mereitoiyna-orai-zhazgy-festival-otti/