БҚО-да 1000 шақырымнан астам жол жөнделді
Опубликовано:

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары елімізде, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды қадам, деп хабарлайды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда:
- 2023-2024 жылдары аралығында облыс бойынша 1 032 шақырым жол жөнделіп, халықтың игілігіне берілді;
- 2023 жылы – 562 км, 2024 жылы – 470 км жол жөндеу және құрылыс жұмыстары аяқталды;
- Мемлекет басшысының 2019 жылғы тікелей тапсырмасымен басталған Казталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 шақырымдық жол құрылысы 2024 жылы толығымен тәмамдалды;
- 2019-2022 жылдары – 125 км, 2023 жылы – 104 км және 2024 жылы – соңғы 16 км жол құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

"Әсіресе облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан Жәнібек ауданы үшін бұл – тарихи оқиға. Жол қатынасының жақсаруы аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырып, жедел жәрдем, мектеп, бизнес және басқа да қызметтердің қолжетімділігін едәуір жеңілдетті", - дейді әкімдікте.

Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тапты. 2025 жылы тағы 200 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланып отыр.
"Жол салу – жай ғана инфрақұрылым емес, бұл – қауіпсіздік, жайлылық және болашаққа жол ашу. Бұл жұмыстар арқылы облыс ішіндегі көлік қозғалысы жақсарып, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау жеңілдейді, өңірлік экономиканың дамуына серпін береді", - делінген баспасөз хабарламасында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2256498-bqo-da-1000-shaqyrymnan-astam-zhol-zhondeldi/