jitsu gif branding logo appbranding logo app

Түркістан облысында ағын суға деген қажеттілік жыл сайын артып келеді

Түркістан облысындағы сумен жабдықтау мәселелері бойынша Брифинг
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық. Оның ішінде, суармалы алқап 552 мың гектарды құрайды. Егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылып, вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізілуде. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеді.

"Осы орайда шаруа қожалықтарға ағын суды тиімді реттеп беру, ауыл шаруашылығы дақылдарының жойылуына жол бермеу мақсатында су беру кестесі шаруалардың келісімімен бекітіліп, ағын су кезектілік тәртібімен берілуде. Алдағы уақытта ағын су тапшылығын толық шешу мақсатында "Бәйдібек ата", "Боралдай" суқоймалары жобалары қолға алынды.

Нәтижесінде "Бөген" суқоймасына қосымша 113 млн текше метр ағын су жеткізілетін болады. Жобаны толық аяқтауға 5,4 млрд теңге қаржы бөлу ұсынылды. Биыл облыста су үнемдеу технологияларын жаңадан 27 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Облыс мүмкіндігіне сәйкес, су үнемдеу технологиялары 59 мың гектарға орналастырылатын болады. Облысымызға тиесілі жылдық су пайдалану лимитінің 63 пайызы көрші мемлекеттердің аумағынан келеді. Трансшекаралық "Достық" магистралды каналы арқылы Жетісай, Мақтаарал аудандарында 140 мың гектар жер ағын сумен қамтамасыз етіледі.

Жалпы облыстағы 25 суқойма, 1 су реттегіш, 269 каналды күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде су нысандарының тозу көрсеткіші 76 пайыздан 50 пайызға төмендейді. Нәтижесінде 400 мың гектар суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, жыл сайын қосымша 200 млрд теңгенің өнімі өндіріледі", - деді спикер.

Нұрбол Тұрашбеков
Нұрбол Тұрашбеков. Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Түркістан Өңірлік Коммуникация Қызметі алаңында БАҚ өкілдерімен кездесіп, өңірдегі вегетациялық кезеңді өткізу барысы мен ағын су тапшылығын шешу бойынша атқарылған шаралармен таныстырды, сұрақтарына жауап берді.

Су мөлшерінің азаю деңгейі мен туындаған қажеттілік мөлшеріне қатысты сұраққа Нұрбол Тұрашбеков облысқа жылдық қажетті лимит көлемі 4,8 млрд м³ құрайтынын, алайда ауа райының жағдайы биылғы судың 30 пайызға кемуіне алып келуі ықтимал екенін айтты.

Түркістан облысындағы сумен жабдықтау мәселелері бойынша Брифинг
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ағын судың үлестірілуіне байланысты қиындықтар, Сайрам ауданындағы шаруалардың мәселесі, қуаңшылықтың алдын алу шаралары жөнінде сұрақтар қойылды. БАҚ өкілдері ағын суды өз бетінше бұрып алатын шаруашылықтардың жауапкершілігін қарау мәселесіне де назар аударды.

Облыс әкімінің орынбасары ағымдағы жылы су тапшылығы Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында сезілетінін атап өтті. Бұл өңірлер трансшекаралық су арүаларына тәуелді. Атап айтқанда, "Достық" каналы Жетісай, Мақтаарал аудандарында 140 мың гектарды ағын сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда вегетацияға 28,6 м³/с. ағын су босатылуда. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 10,2 м³/с кем. Дегенмен ағын суды тиімді басқаруды ұйымдастыру бойынша нақты шаралар қабылданып, бүгінде қосымша машиналық су көтеру каналы арқылы 11,3 м³/с су берілуде.

Түркістан облысындағы сумен жабдықтау мәселелері бойынша Брифинг
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ағын суды заңсыз пайдаланғандарға келсек, "Арал-Сырдария" бассейн инспекциясы мамандары облыстағы су нысандарын тұрақты тексеріп отырады. Бүгінге дейін құқықбұзушыларға 20 хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Шардара ауданы прокуратурасымен бірлесе өткізген тексеру нәтижесінде 24 су сорғы қондырғылары анықталып, заңға сәйкес шаралар қабылданған.

Климаттық өзгерістер қазіргі таңда ғаламдық мәселелердің біріне айналып отыр. Осы орайда, мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларына кешенді көшу тапсырмасы – су тапшылығын шешуге бағытталған нақты қадам екенін дәлелдей түсті.

Түркістан облысындағы сумен жабдықтау мәселелері бойынша Брифинг
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Мәселен, ағымдағы жылы облыста су үнемдеу технологияларын жаңадан 27,0 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Алайда облыс мүмкіндігін ескере отырып, су үнемдеу технологияларын енгізу алаңын 59,0 мың гектарға жеткізу көзделді. Бүгінгі таңда нақты орындалғаны – 46 мың гектар.

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.