Атырау облысындағы аудандардың бірінде жаппай жылқы қырылған: себебі анықталып жатыр
Жарияланған күні:
Құрманғазы ауданында жылқы малының өлу фактілері тіркелген. Бұл әсіресе Балқұдық, Сүйіндік ауылдық округінде жиі кездесті, деп хабарлайды Ақжайық.
Басылымның мәліметінше, бұған жергілікті тұрғындар қатты алаңдаулы.
"Мал неліктен өліп жатқаны біз үшін жұмбақ күйде қалып тұр. Көршілес елден зымырандар жиі ұшып жатыр. Жақында бір дрон құлады. Оның үстіне бірнеше жылдан сынақ аймағы болғанын ұмытпаймыз. Бәлкім, малдың өлуі радиациядан болып жатыр ма? Бұрын да мал арасындағы өлім-жітім көбейіп, оны кенеден жұққан деді. Малдың нақты неден өліп жатқанын айтпай тұр. Сол себептен кешенді зерттеу жұмысы жүруі керек", - дейді тұрғындар.
Басылым тілшісі Құрманғазы аудандық әкімдігінен жағдайға қатысты жауап алған.
"Азғыр өңірінде (Сүйіндік, Балқұдық ауылдары) мамыр айының соңынан шілде айының ортасына дейін әртүрлі симптомдармен жылқы малы ауырды. Оларға жергілікті ветеринар дәрігерлермен симптоматикалық емдеу жасалды. 3 шілдеде ауру және өлген малдардан сынамалар алынып, аса қауіпті ауруларға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ветеринариялық зертханаға жіберілді. Нәтижесі қоса хабарланады", - делінген хабарламада.
Жергілікті ветеринар мамандардың пайымдауынша, жылқылар паразитарлық аурулардан, сонымен бірге уланудан зардап шегуі мүмкін дейді.
"Қазіргі таңда Азғыр өңірінде жылқы малының өлім-жітімі тоқтады. Жағдай ветеринариялық дәрігерлердің бақылауында тұр. Ал жергілікті тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ, малдың өлімі радиациядан емес, өйткені тоқсанына бір рет зерттеу жұмысы жүріп, судан, басқадан сынама алынып тұрады. Енді зертхана нәтижесін күтеміз", - дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов.
Басылым мәліметінше, осы кезге дейін қанша бас жылқы шығын болғаны анықталмаған. Бұдан бұрын Құрманғазы ауданында белгісіз індеттен түйелердің жаппай қырылғаны, өлген малдан сынама алынып, тексеруге жіберілгені айтылған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2268567-atyrau-oblysyndagy-audandardyng-birinde-zhappai-zhylqy-qyrylgan-sebebi-anyqtalyp-zhatyr/