Елімізде банк картасын үшінші тұлғаларға бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді
Жарияланған күні:
Қазақстанда банк картасын үшінші тұлғаларға бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ІІМ-нің ресми медиапорталының жазуынша, Ішкі істер министрлігі дербес деректерді қорғауға және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасындағы маңызды өзгерістер туралы ескертеді.
"Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабында өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесі үшін я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді", - делінген хабарламада.
ІІМ-нің мәліметінше, алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді.
"Есіңізде болсын: жеке және банктік деректер жай ғана ақпарат емес, бұл сіздің мүлкіңіздің, қауіпсіздігіңіздің және заң алдындағы жауапкершілігіңіздің кілті", - деп ескертеді ІІМ өкілдері.
ІІМ еске салады:
- ешқашан банктік деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;
- картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы "оңай ақша табуға" келіспеңіз;
- күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2269524-elimizde-bank-kartasyn-ushinshi-tulgalarga-bergeni-ushin-qylmystyq-zhauaptylyq-engizildi/