Берік Уәли Алакөлдегі келесі туристік маусымға дайындықты қазірден бастауды тапсырды
Жарияланған күні:
Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірде туризм саласын дамыту бойынша жиналыс өткізіп, Алакөлдегі келесі туристік маусымға дайындықты қазірден бастауды тапсырды. Бұл туралы облыс әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Берік Уәлидің төрағалығымен өткен отырыста 2025-2027 жылдарға арналған жол картасын әзірлеу, Алакөл жағалауының бас жоспарын дайындау, инфрақұрылымды жаңғырту және туризм саласында цифрлық технологияларды қолдану мәселелері қаралған.
Биыл Алакөлдің инфрақұрылымын жаңғырту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылған. 2018 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген жағалауды абаттандыру үшін облыстық бюджеттен 658 млн теңге бөлініп, Арбат алаңы жөнделген.
Сонымен қатар 25 киім ауыстыратын орын, 50 контейнер, екі биодәретхана, үш заманауи дәретхана қойылып, жеті пирстің үшеуі пайдалануға берілген. Жаңа қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқталған.
Жиында жағалауды нығайту, электр желісін тарту, қоқыс полигонын салу, құтқарушылар мен полиция қызметін күшейту, қосымша санитарлық тораптар орнату, автотұрақтар ашу қажеттігі айтылған.
Отырыс қорытындысы бойынша Берік Уәли салаға жауапты орынбасарлары, тиісті басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырма берген.
"Туризм – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақындағы жолдауында осы салаға ерекше назар аударғаны мәлім. Өңіріміздің туристік әлеуеті зор, әсіресе Алакөл көлі жағалауы ерекше маңызға ие. Дегенмен биыл бірқатар кемшілікке мемлекет басшысы назар аударып, тиісті сын-ескертпелерін білдірді.
Алдағы 2026 жылы біз барлық олқылық пен қателікті ескеріп, олардың қайталануына жол бермеуіміз қажет. Бұл үшін жүйелі жоспар, тиімді бақылау және барлық деңгейдегі жауапты органдардың үйлесімді жұмысы керек. Сондықтан дайындықты қазірден бастауымыз қажет", - деді облыс әкімі.
Берік Уәли Алакөл жағалауында жұмыс тобын құрып, 2026 жылғы маусымға дайындық алгоритмін әзірлеу, Алакөлді күтіп-ұстауға қажетті қаражатты алдын ала бөлу, жағалауда туристік индустриялық аймақ құру және озық елдердің тәжірибесін қарастырып, Алакөл жағалауында құтқару кемелерінің және қызметкерлер санын көбейту туралы ұсыныс енгізу туралы бірқатар міндет жүктеген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2284968-berik-uali-alakoldegi-kelesi-turistik-mausymga-daiyndyqty-qazirden-bastaudy-tapsyrdy/