"Соңғы екі аптада үш қайғылы жағдай болды": Жамбыл облысында бірқатар шенеунікке сөгіс жарияланды
Жарияланған күні:
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың жиіленіп кетуіне байланысты шұғыл кеңес өткізіп, бірқатар лауазымды тұлғаға сөгіс жариялады. Бұл туралы өңір әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, жаңа оқу жылы басталғалы бері өңірде кәмелетке толмағандар арасында аса ауыр қылмыстардың жиілеп кетуі, жағдайдың ушығып бара жатқанын көрсетеді. Сондықтан бұл мәселе бойынша шұғыл әрі нақты шаралар қажет.
"Бала – біздің болашағымыз! Ертеңіміздің жарқын болуы үшін біз олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасауға тиіспіз. Сіздерді тыңдасақ, барлық жұмыс жүріп жатыр, ауқымды шаралар атқарылып жатыр дейсіздер. Бірақ нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Соңғы екі аптада үш қайғылы жағдай болды. Демек, сіздердің жұмыс тәсілдеріңіз тиімсіз.
Оқушылардың тәрбиесі жөнінде мектеп, ата-ана, қоғам үштігінің өзара бірлескен жұмыстарын басынан қарау керек! Қазіргі балалардың күн сайын ой-өрісі өзгеріске ұшырап, көзқарасы басқаша қалыптасуда. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс тәсіліміз де жаңаша сипатта қарқын алу керек деп ойлаймын!" - деді облыс әкімі.
Кеңесте өңір басшысы бұған дейін аталған мәселе бойынша нақты тапсырмалар бергенін, алайда жауапты тұлғалардың қабылдаған шараларынан нақты нәтиже көрмей отырғанын қатаң түрде ескерткен.
Сонымен бірге әр ауылдық округтің жеке өз учаскелік полиция инспекторы болуы тиіс екенін алға тартып, бос штаттарды шұғыл толықтыруды жүктеген.
Отырыс қорытындысы бойынша Ербол Қарашөкеев бірқатар лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік шара қабылдауды тапсырған.
Облыс әкімі аппаратына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке сөгіс, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке, білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековке сондай-ақ әлеуметтік салаға жауапты Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара қабылдау тапсырылған.
Білім басқармасынан Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдерінің басшыларының және өзге де жауапты тұлғалардың атқарып отырған қызметіне сәйкестігін қарастыруды талап еткен.
Сондай-ақ облыс әкімі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша шұғыл зерделеу тобын құрып, әр білім беру мекемесінде кеңейтілген сауалнама жүргізіп, оның нәтижесі бойынша тиісті жұмыстарды жедел ұйымдастыруды міндеттеген.
Бұл құрылатын топ өңірдегі барлық мектептің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қылмыстың салдары мен зардабын түсіндіруге күш салуы тиіс. Топ жетекшісі ретінде Тараз қаласы және аудан әкімдері жеке жауап береді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында жаңа оқу жылы басталғалы бері үш жасөспірім қайтыс болған.
1 қыркүйекте Тараз қаласында 14 жастағы жасөспірімнің көз жұмғаны хабарланса, кейін Шу ауданында соққыға жығылған 15 жастағы тағы бір жасөспірімнің қаза болғаны хабарланды.
Бұдан бөлек, Таразда тағы бір жасөспірімнің қайтыс болғаны белгілі болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2286663-songgy-eki-aptada-ush-qaigyly-zhagdai-boldy-zhambyl-oblysynda-birqatar-sheneunikke-sogis-zhariialandy/