Алматыда тағы бір көшеде жол жабыны опырылды: әкімдік түсініктеме берді
Опубликовано:
Алматы әкімдігі Әуезов ауданына қарасты Яссауи көшесінде жол жабынының опырылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 қыркүйекте таңертең Яссауи көшесінің Дастан көшесімен қиылысында жол жабынының шамамен 100 шаршы метр аумақтағы бөлігі опырылған.
"Бұған дейін "Спецкоммунстрой" мердігер ұйымы ұзындығы 2,8 шақырым болатын кәріз желілерін салу жұмыстарын атқарған болатын.
Жүргізілген тексеру барысында нөсер жауын кезінде абоненттік желілер траншеяларының шайылуы және топырақ негізінің жұмсаруы анықталды. Соның салдарынан жол жабындысында ойық пайда болып, асфальттың тұтастығы бұзылған. Қазіргі уақытта жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарын аяқтау мерзімі – 18 қыркүйек.
Аталған жобаның техникалық қадағалау қызметі жұмыстардың Құрылыс нормалары мен ережелері жобалық талаптарға сәйкес орындалғанын хабарлады", - делінген хабарламада.
Әкімдік қазіргі таңда себептерді анықтау мақсатында қосымша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Яссауи көшесіндегі асфальт жабынының ойылу себептерін нақтылау үшін Қалалық құрылыс бақылау басқармасына сұраухат жолданды. Себебі топырақтың дұрыс нығыздалмауы ықтимал нұсқа ретінде қарастырылып отыр. Оның нақты себебі тексеру нәтижесінде белгілі болады", - делінген хабарламада.
Айта кетелік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыдағы Яссауи көшесінде де жол жабыны опырылғаны туралы видео тараған еді.
Ал кеше нөсер жауын салдарынан Аманжол көшесіндегі жол жабыны опырылып, 13 көлікке зақым келген еді. Әкімдік өкілдері бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірген болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2287206-almatyda-tagy-bir-koshede-zhol-zhabyny-opyryldy-akimdik-tusinikteme-berdi/