Алматы полициясы "Қайрат" – "Реал" матчының алдында маңызды мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Алматы полициясы "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Құрметті алматылықтар және қала қонақтары! Ертең біздің шаһарымызда үлкен спорттық оқиға – "Қайрат – Реал" халықаралық матчы өтеді. Алматы әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлерді қабылдауға дайын.
Бұл біз үшін тек футбол мерекесі ғана емес, сондай-ақ Алматының шынайы келбетін – қонақжайлылықты, мәдениетті және бір-біріне деген құрметті көрсету мүмкіндігі.
Алматы полициясы қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр", - дейді Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Оның айтуынша, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге полиция қызметкерлері мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері тартылған.
Сондай-ақ матчқа байланысты көлік қозғалысына ішінара шектеулер енгізіледі.
"Қала тұрғындары мен қонақтарын бұл уақытша шараларға түсіністікпен қарап, бағыттарын алдын ала жоспарлауға шақырамыз.
Командаға мәдениетті түрде қолдау көрсетейік. Көшеде, стадионда және көлікте тәртіп сақтаңыздар. Бірге тазалық пен мерекелік атмосфераны сақтайық.
Әрекетіңізге жауапкершілікпен қарағаныңыз – Алматы мен Қазақстанның беделін сақтауға қосқан үлесіңіз. Қаламыз мақтануға тұрарлық екенін көрсетейік", - деді полиция өкілі.
Айта кетелік, УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясындағы "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчы ертең, 30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өтеді.
Кездесу жергілікті уақытпен сағат 21-45-те басталады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2291682-almaty-politsiiasy-qairat-real-madrid-matchy-aldynda-mangyzdy-malimdeme-zhasady/