jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

Қазақстанда петроглифтерді сақтауға көмектесетін ЖИ-модель құрылды

Петроглиф
Фото: Yandex Qazaqstan

"Қазақстан – петроглифтер елі" жобасы аясында Yandex Qazaqstan еліміздегі петроглифтерді анықтап, оларды сипаттай алатын алғашқы ЖИ-моделін жасап шығарды. Модель осынау ескерткіштердің цифрлық есебін жүргізуге көмектеседі. Ол Қоғамға арналған технологиялар орталығының қолдауымен Yandex Cloud ML-технологиялары базасында жасалған, ал нейрожүйені оқытуға қажет датасетті "Петроглиф іздеушілер" қоғамдық қоры ұсынып отыр.

Yandex Qazaqstan және "Петроглиф іздеушілер" қоры петроглифтерді сақтап, қорғау бойынша серіктестік орнатуға келісті. Жаңа жоба туралы Yandex Qazaqstan жетекшісі Тимур Шалекенов Digital Bridge форумының алаңындағы кездесуде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтып берді. Компания қоғамға арналған технологиялар орталығының сараптамалары мен технологияларын Қор қызметкерлеріне береді, оның жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мәдениет саласындағы жобаларды технологиялық түрде қолдау.

Нақты айтқанда, форумда жоба аясындағы алғашқы әзірлемелер ұсынылды: Yandex Cloud технологиялар негізіндегі петроглифтерді сақтауға арналған ЖИ-шешімдер және ескерткіштердің интерактивті картасы. Жасанды интеллектінің арнайы үйретілген, фото, видео және мәтін өңдеуді біріктірген VLM-моделі петроглифтерді анықтайды, оларды сипаттайды және нашар сақталған кескіндердің жалғасын қалпына келтіреді. Интерактивті картада кескіндердің орналасқан жерлері мен мазмұны, олар пайда болған тарихи кезең туралы мәлімет бар. Бұл құрал ғалымдарға петроглифтердің бірыңғай базасын құрып, цифрлық есебін жүргізуге мүмкіндік береді. Мұның барлығы елдегі тасқа қашалған кескіндердің мұрасын терең зерттеп, сақтау үшін қажет.

Жобаға Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенттері де қатысуда. Олар қоғамға арналған технологиялар орталығының тағы бір жобасы – қар барыстарын анықтауға арналған нейрожүйені әзірлеуге қатысқан болатын. Ал осы жаңа жобада студенттер жұмыс тобының құрамында VLM-модельді ауқымды датасетте үйретпек, бұл мәліметтерді "Петроглиф іздеушілер" қорының қызметкерлері жылдар бойғы экспедиция кезінде жинаған. Соның нәтижесінде модельдің дәлдігі артып, петроглифтер картасы кеңейе түспек.

"Петроглиф іздеушілер" қоры өкілдерінің бағалауынша, Қазақстанда Еуразия алқабындағы ең ірі петроглифтер мұрасы болуы мүмкін. Елімізде тасқа қашалған таңбалардың 300-ден астам ірі орны анықталған, ал жалпы, археологтардың алдын ала есебінше, Қазақстанда 1500-ге жуық осындай орын бар. Олардың негізгі бөлігі әлі зерттеліп, сипаттамалмаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанды – петроглифтер елі, ал тасқа түскен таңбаларды дала өркениетінің мыңжылдық шежіресі деп атап, осынау ұлттық ескерткіштерді сақтауға шақырған болатын.

Петроглиф
Фото: Yandex Qazaqstan

Соңғы жылдары "Петроглиф іздеушілер" қорының еріктілері петроглифтерді іздеп, сақтау бағытында ауқымды жұмыс атқарды. 2024 жылы "Ботаника және фитоинтродукция институтымен" бірге олар Алматыдағы Басты ботаникалық паркте "Арқалан" еуразиялық петроглифтер табиғи паркін ашты. Қор экспедицияларға тұрақты шығып, жаңа петроглифтерді тауып жатады. Солардың ең ірілерінің бірі – 26 мың петроглифі бар Ордақұл шоғыры 2020 жылы Даулыбай тауынан табылды. Ал 2025 жылдың тамыз-қыркүйек айларында ашылған ең жаңа орындар Жетісу өңірінен, Жоңғар Алатауының баурайынан, атап айтқанда Көксу өзенінің маңынан табылып отыр. Петроглифтер шоғырланған осындай орындар қоғамға арналған технологиялар орталығының қолдауымен картаға жинақталады, ал ЖИ табылған ескерткіштерді сипаттауға көмектседі.

"Қазақстан аумағындағы петроглифтердің ірі қорын және оларды зерттеудің жеткіліксіз қаржыландырылғанын ескерсек, бұл археологиялық нысандар тәуекел аймағында тұр және карьер өңдегенде немесе жай ғана вандализмнің кесірінен жойылып барады. Сондықтан қазіргі таңда экспедиция нәтижесінде табылған таңбаларды жылдам өңдеудің маңызы аса зор. Ескерткіштердің құжаттарын рәсімдеу ұзақ уақытты алады, ал бұл – петроглифтерді толыққанды қорғау үшін қажет. Сондықтан реті келген жерде автоматизацияны қолдану маңызды", – дейді "Петроглиф іздеушілер" қорының атқарушы директоры Ольга Гумирова.

"Петроглифтер біздің дәуірімізге дейін түрлі жағдайда жетті, сондықтан көптеген кескінді қарапайым көзбен анықтау қиын. Ал бұл тастар – мыңдаған жылдың ескерткіші. Біздің модель нашар сақталған петроглифтерді де тани алады, оларды жүйелеу, сипаттау жұмысын жылдамдатады. Петроглифтерге қатысты жобалардың студенттерді де қызықтырғаны бізді қуантып отыр. Мұндай бастамалар олардың біліктілігін арттырып қана қоймай, Қазақстанның мәдени мұрасын сақтауға үлес қосады", – дейді Қоғамға арналған технологиялар орталығының жетекшісі Анна Лемякина.

Yandex Qazaqstan жанындағы Қоғамға арналған технологиялар орталығы 2024 жылы құрылған, ғылым және білім беру, денсаулық сақтау, экология, мәдениет сияқты төрт бағыттағы әлеуметтік маңызды жобаларды қолдауға бағытталған. Орталық жобаларға эксперттік көмек көрсетеді, Yandex Cloud бұлтты технологиясы мен машиналы үйрету құралдарын, сонымен қатар шешімдер ресурсын ұсынады.

Қазақстанда петроглифтерді сақтауға көмектесетін ЖИ-модель құрылды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.