"Ахуал тым күрделі": Тоқаев Мирзиеевпен кездесуде Алматыдағы экологиялық мәселені көтерді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен бейресми кездесуде Алматының экологиялық ахуалын сөз етіп, "Таза ауа" бастамасын бірлесіп іске асыруды ұсынды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кездесуде мемлекет басшысы Өзбекстан президентінің "Таза ауа" бастамасына қолдау білдіріп, бұл жоба Қазақстанның ірі қалалары үшін де өзекті екеніне тоқталған.
"Сіздің таза ауаға қатысты бастамаңызды құптаймын. Ташкенттегі экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдіруіңізді түсінемін. Біздің Алматы қаласындағы ахуал да тым күрделі.
Өкінішке қарай, Алматы әлемдегі ауасы ластанған ірі қалалар қатарында тұр. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдау қажет. Егер сіз қарсы болмасаңыз, "Таза ауа" бастамасын бірлесіп іске асыруды ұсынамыз.
Президенттер ұйытқы болған бұл жобаны үкіметтеріміз жүзеге асырады. Жұртшылық пен халықаралық қоғамдастық мұны қуаттайды деп санаймын. Шын мәнінде, бұл бастама аясында көп іс атқаруға болады. Осы арқылы жергілікті билік пен кәсіпкерлер экологияны қорғауда, табиғатты аялауда жауапкершілік жүгін жете сезінеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2364516-ahual-tym-kurdeli-toqaev-mirzieevpen-kezdesude-almatydagy-ekologiialyq-zhagdai-turaly-aitty/