"Ақтөбе – тарының астанасы": Ақтөбеде ауқымды гастрофестиваль өтеді
Жарияланған күні:
24 мамырда Ақтөбе қаласы дәм мен дәстүрге толы мереке ортасына айналады. Қаладағы "Астана" саябағында "Ақтөбе – тарының астанасы" атты ауқымды гастрофестиваль өтеді.
Келуші қонақтарды таңғы 11:00-ден бастап ұлттық рух пен хош иіске толы атмосфера күтпек. Күн бойы жалғасатын мереке кешкі 17:00-ге дейін Ақтөбенің аграрлық дәстүрі мен заманауи гастрономиялық мүмкіндігін тоғыстырады. Сонымен қатар, "Әнім сенсің – Ақтөбе" этнофестивалі де мерекенің көркін аша түседі.
Фестиваль алаңында тарыдан әзірленген 50-ден астам тағам түрі ұсынылады. Дәстүрлі ұлттық ас мәзірі жәрмеңкесі, шоколадты жент дайындау шеберлік сағаттары, ыстық бауырсақ пен самаурын шайының хош иісі – бәрі де келген қонаққа ерекше әсер сыйлайды.
Ойыл ауданының шеберлері тарыны өңдеудің көне тәсілдерін көзбен көріп, қолмен сезінуге мүмкіндік береді. Ал қолөнер шеберлерінің бұйымдары – тері, киіз, ағаш, жүн және зергерлік өнердің заманауи үйлесімін көрсететін нағыз мәдени көрме болмақ.
Сондай-ақ, фестиваль аясында "Ақтөбе – тарының астанасы" атты ашық дөңгелек үстел өтеді. Мұнда сала мамандары мен сарапшылар тары өсіру дәстүрін жаңғырту, оның тағамдық құндылығын кеңінен насихаттау және өңірдің аграрлық-гастрономиялық әлеуетін дамыту бағыттарын талқылайды.
Кіру тегін.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2371611-aqtobe-tarynyng-astanasy-aqtobede-auqymdy-gastrofestival-otedi/