Астанада 20 жастағы жігіт стоматологияда көз жұмды: марқұмның туыстары не дейді
Жарияланған күні:
Астанада 20 жастағы жігіт стоматологиялық клиникада көз жұмды. Туыстарының айтуынша, тісін емдетуге барған оның бұрын-соңды денсаулығына шағымы болмаған. Қаралы отбасы жігіттің ажалына себеп болғандар жауапқа тартылғанын талап етіп жатыр, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Марқұмның жеңгесі әлеуметтік желіде оқиғаның мән-жайын жариялады. Оның айтуынша, дені сау жігіт аяқ астынан ес-түссіз қалған. "Егер дәрігерлер алдын ала аллергияға сынама алғанда, бауырымыз бүгін қасымызда болар еді" дейді.
"Еш жері ауырмай сап-сау болып барған, тісін жөндетті. Тісін жөндеткенде аллергопроба алынбаған, бір рет ұстама болған. Сонда да екінші укол салған, дәрігер шақырған. Дәрігер антибиотик салған, ары қарай моргқа апарған. Біз баламыз, қайнымыз, ағамыз, бауырымыздан айырылып отырмыз", - дейді марқұмның жеңгесі Әсел Айжанова.
Қазір аталған дерек бойынша полиция департаменті іс қозғады.
"20 жастағы қала тұрғынының өліміне байланысты Астана қалалық ПД сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Қазіргі уақытта кешенді тергеу іс-шаралары тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - дейді Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау министрлігі де жағдай бақылауда екенін хабарлады. Қазір сараптама жүргізіліп жатыр. Медициналық ұйымға жүгінбес бұрын оның лицензиясына, мамандардың біліктілігіне және қауіпсіздік шараларының сақталуына баса назар аудару маңызды дейді.
"Пациент медициналық орталыққа келгенде, медициналық препаратқа аллергиясы бар ма, жоқ па. Сол препаратты қолдану кезінде реакция болады ма, жоқ па оған әрдайым тексеріс жүргізу керек", - дейді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басқарма басшысы.
Айта кетейік, бұл стоматологияда болған алғашқы қайғылы жағдай емес. Елдегі тіс емханалары жаппай тексерілуде. 626 орта
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2373009-astanada-20-zhastagy-zhigit-stomatologiiada-koz-zhumdy-marqumnyng-tuystary-ne-deidi/