Алматы тұрғыны самсадан микрочип тауып алды: мейрамхана өкілдері не дейді
Жарияланған күні:
Алматыда қала орталығындағы мейрамханалардың бірінде самсадан жануарға салынатын микрочип шықты. Аталған жайтқа ветеринарлар мен мейрамхана өкілдері пікір білдіді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алматы тұрғыны самса жеймін деп, қала орталығындағы мейрамханалардың біріне барған. Алайда асының ішінен жануарларға салынатын ветеринарлық чип шығыпты. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен осы жағдай қала тұрғындарын алаңдатып қойды. Көп қолданушы самсадан шыққан ұзындығы бір сантиметрге жуық микрочипті ит пен мысыққа салынатын құрылғы деп, мейрамхана басшылығын сынға алып, пікір жазып жатыр. Ал жануарлар жанашырлары бұл жазбаны жарыса бөлісіп жатыр.
"Бүгін Алматыдағы дәмханалардың біріне танымал болып жатқан сүйекті самсаны жеуге бардым. Бұл сәтті ұзақ күткенмін. Алайда күткенімдей, дәмі тіл үйіретін, барлығы іздеп келетін самса бұйырмады. Себебі, самсадан жануарларға салынатын чип шықты", - деп жазды желі қолданушылары.
Осыдан соң көптің көкейінде күдік пайда болды. Микрочиптерді орнатып жүрген мал дәрігерлері де мұны көбіне ит-мысыққа салатынын айтып отыр. Дегенмен төрт түлікке де қолданылатынын жоққа шығармайды.
"Бұл чиптарды мысық-иттерге немесе сиырларға қоямыз. Қалада көбінесе тек ит-мысықтарға қоямыз. Микрочиптің нөмірі болады. Оны сканерлейміз, содан жануардың иесін табамыз", - дейді мал дәрігері Эльзара Кесікова.
Дауға қалған мейрамхана қызметкерлері самсадан бөгде зат шыққанын мойындады. Бірақ желідегілер жазғандай, "ит-мысықтың етінен тамақ ұсынды" деген шындыққа мүлдем жанаспайды, дейді.
Асынан чип шыққан адамның өзі де ешқандай шағым қалдырмапты. Мұндай жайт алғаш рет болғанын айтқан дәмхана басшылығы, алдағы уақытта қайталанбас үшін тиісті шара қабылдапты.
"Бұл жердегі сұрақ даулы болып тұр. Себебі, көп жағдайда бұны мал сойып жатқан адамдар бірден терісінен алып тастауға тиіс. Бірақ осы жолғы чипті айтып отырмын. Ол терісіне, етіне дарып кеткеннен кейін, бұл жерде екіұдай мәселе болды. Қазір біз өзіміздің тамақты, аспазымызды, ол етпен жұмыс істеген ет қасапшысымен де түсіндірме жұмысын жүргіздік. Сол чипті, қосымша, біздің мейрамханамызға келгенде қадағалайтын, өзінің чипті сканерлеу аппараты ұсынылды, берілді", - деді мейрамхана әкімшісі Диас Мартай.
Ал санитария-эпидемиология станция мамандары желідегі наразылыққа қарамастан, бақылау шарасын өз бетінше бастай алмайтынын айтты. Олардың қимылдауы үшін тұтынушы арнайы арыз жазуы керек.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2373510-almaty-turgyny-samsadan-mikrochip-tauyp-aldy-meiramhana-okilderi-ne-deidi/