Қазақстанда такси қызметіне бақылау күшейтіледі: не өзгереді
Жарияланған күні:
Ұлттық экономика министрлігі такси тасымалдаушылардың хабарлама беру ережесіне өзгеріс енгізді, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің мәліметінше, жаңа ережеге сай енді тасымалдаушы такси қызметін бастамас бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберуге міндетті.
Сонымен қатар жаңартылған нысанда көлік құралы ауыстырылғанда және жаңадан көлік қосылғанда, яғни автопаркті жаңарту кезінде өзгеріс енгізу мүмкіндігі қарастырылған.
"Бұрынғы тәртіп бойынша, тасымалдаушы белгілі бір көлік құралына байланбайтын. Бұл жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушыларға немесе үшінші тұлғаға зиян келтірілген жағдайда жауапты адамды анықтауды қиындататын.
Осыған байланысты хабарлама нысаны көлік құралының маркасын, мемлекеттік тіркеу нөмірін және шығарылған жылын көрсететін мәліметпен толықтырылды", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, бұл шара жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне жауапты такси тасымалдаушысын жедел сәйкестендіруге, сондай-ақ нарыққа заңсыз қатысушылардың үлесін қысқартуға мүмкіндік береді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2373624-qazaqstanda-taksi-qyzmetine-baqylau-kusheitiledi-ne-ozgeredi/