jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

Алматыда әл-Фараби даңғылына қоршау орнату туралы петиция жарияланды

әл-Фараби даңғылы
Әл-Фараби даңғылы. Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Алматыдағы әл-Фараби даңғылының бойына қоршау орнату туралы петиция жарияланды. Бұған бір ай бұрын халықты дүр сілкіндірген жантүршігерлік жол апаты себеп. Сол қайғылы оқиғадан кейін қала тұрғыны қауіпсіздікті күшейтуді талап етіп, әкімге тиісті ұсынысын жолдаған. Қазір құжатқа қолдау білдірушілер саны көп емес. Дегенмен қажет межеге жетсе, жауапты органдар бұл мәселені қарауға және нақты шешім қабылдауға міндетті, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Күні-түні көлік толастамайтын әл-Фараби даңғылына соңғы уақытта жол қауіпсіздігіне қатысты жиі сын айтылып жүр. Тіпті қала тұрғындарының бірі қауіпсіздікті күшейтуді ұсынып, петиция жолдаған.

Еске салсақ, 21 наурызда осы даңғылда жантүршігерлік жол апаты болып, үш адам қаза тапқан еді. Бастамаға дәл осы қайғылы оқиға түрткі болған. Петиция авторы жол бойына қорғаныш қоршаулар орнату мұндай қайғылы жағдайдың алдын алуға көмектеседі деп есептейді.

"Осы әл-Фараби даңғылымен барлығымыз күнде жүреміз. Қайғылы жағдайдан ешкім сақтандырылмаған. Сондықтан осындай мәселенің алдын алу үшін петицияны жібергенмін. Барлық жерде болмаса да, ең бір қауіпті жерде қойған дұрыс деп ойлаймын. Қала тұрғындары осы петициямды қолдаса, әкімшілік жағынан, құзырлы органдар жағынан бұл мәселе талқыға алынып, сол бөгеттер қойылатынына сенемін", - дейді петиция авторы Алмат Ерденов.

Құжатта мұндай жағдайлардың бұған дейін де болғаны айтылған. Мәселен, былтыр қарашада осы даңғылда үш көлік дәл осылай жол апатын жасаған. Сондай-ақ петицияда көлік ағыны көп магистральдарда арнайы металл қоршаулар орнатылуға тиіс екені көрсетілген. Автордың айтуынша, мұндай қоршаулар тек Меңдіқұлов қиылысында ғана емес, әл-Фараби мен Сейфуллин даңғылдарының түйіскен тұсында, Esentai Mall маңында, ҚазҰУ аумағынан Ерғожин көшесіне дейінгі аралықта және Серкебаев көшесімен қиылыста да қажет.

Әл-Фараби даңғылы — сегіз жолақты, көлік ағымы бір сәтке де толастамайтын магистраль. Мұнда рұқсат етілген жылдамдық сағатына 80 шақырымға дейін. Қарсы бағытты бөліп тұратын бөгет бар, бірақ ол көлікті тоқтатуға қауқарсыз. Петиция авторы дәл осы себептен мұнда толыққанды, берік қоршау орнатуды талап етіп отыр.

Бұл бастамаға қала тұрғындары да қолдау білдіруде. Көпшілігі жол бойына қоршау орнату дұрыс шешім деп санайды. Сонымен қатар кейбір тұрғын көлік жылдамдығын төмендету қажет екенін айтып, өз ұсынысын білдірді.

Ал автосарапшылардың айтуынша, қоршауды кез келген жерге орната салуға болмайды. Алдымен жолға арнайы тексеріс жүргізіп, ең қауіпті учаскелерді анықтау қажет екен. Дегенмен мұндай шара жол апатының алдын алуда тиімді шешімдердің бірі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

"Бұл дұрыс шешім. Өйткені мұндай үлкен көшеде жүргізуші бір сәт қателессе, бірден қарсы жолаққа шығып кетуі мүмкін. Яғни бұл жол қателікті кешірмейді. Сондықтан жол ортасына қойылатын қоршау апаттың ауырлығын азайтып, адам өлімін төмендетуге көмектеседі. Бірақ қоршауды кез келген жерге қоя салуға болмайды. Алдымен қай учаскелер қауіпті екенін анықтап, арнайы тексеріс жүргізу керек. Сондай-ақ қоршаудың да ең тиімдісін таңдау маңызды", - дейді Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков.

Петиция 24 наурызда онлайн форматта жарияланған. Қазір оған 70-ке жуық адам қолдау білдірген. Құжаттың қаралуы үшін алты ай ішінде, кемінде, 24 мың дауыс жиналуы қажет екен.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Алматыда әл-Фараби даңғылына қоршау орнату туралы петиция жарияланды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.