Депутат балалар лагерлеріндегі қауіпсіздік мәселесін шешу бойынша шара қабылдауды ұсынды
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға Қазақстандағы жазғы балалар лагерьлері жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Депутат балалар лагерьлеріне қатысты қордаланған мәселелерді атап өтіп, соңғы жылдардағы бірқатар даулы жағдайларға тоқталды.
"Алматы қаласындағы "Арман дала" лагерінде аумақта сауна, мейрамхана, компьютерлік клуб жұмыс істеген. Балалар еденде ұйықтауға мәжбүр болып, ұлдар мен қыздар бір бөлмеде орналастырылған.
Маңғыстау облысындағы "Айналайын" лагері ("Өзенмұнайгаз" қызметкерлерінің балалары үшін) – орын тапшылығы салдарынан балалар екі адамнан бір төсекте немесе еденде ұйықтаған. Қауіпсіздік нормалары өрескел бұзылған.
Түркістан облысындағы "Арман" лагерінен 400 бала ата-аналардың жаппай наразылығы мен жағдайдың қанағаттанарлықсыз болуына байланысты мерзімінен бұрын эвакуацияланған.
Шымкент қаласындағы "Үш бұлақ" лагерінде белгіленген сыйымдылық нормасы асыра орындалған", - деді Темір Қырықбаев.
Оның айтуынша, мұндай фактілердің жиі қайталануы бұл салада жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді.
""AMANAT" партиясы сайлауалды бағдарламасы аясында бұл бағыт негізгі бағыттар ретінде белгіленген. Қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз ету мақсатында депутаттар балалар лагерлерін лицензиялау бойынша түзетулерді қолдады. Лицензиялау 2026 жылғы 1 сәуірінен бастап енгізілді.
Заң бар, басымдық белгіленген. Ендігі міндет – осының барлығын нақты әрі тиімді іске асыру", - дейді ол.
Темір Қырықбаевтың айтуынша, мектеп жанындағы лагерден басқа балаларды жіберетін жер жоқ, жолдаманың бағасы удай қымбат, бірақ сапасына кепілдік бермейді және де баланы басқа аймаққа жіберу керек, өйткені тұратын жерінде балалар лагерлері жоқ деп шағымданады.
"Жоғарыда айтылғанға байланысты қандай білім беру-сауықтыру ұйымдары лицензиялаудан өтті және қызмет көрсетуге дайын екендігі туралы ақпарат беруді сұраймыз. Мектеп жанындағы лагерьлерді қоспағанда, өңірлерді балалар демалысы ұйымдарымен қамтамасыз ету бойынша талдау жүргізіп, өзекті ақпарат берілсін", - деді депутат.
Мәжілісмен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында келесі шараларды қабылдау қажет екенін айтты:
- Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің, жұртшылықтың және ата-аналар қауымдастығының қатысуымен лицензиялау жүйесіне жатпайтын балалар лагерлеріне тұрақты тәуелсіз мониторинг енгізу.
- Балалардың лагерде демалуы кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін бақылаушы органдар басшылары мен лагерь иелерінің дербес жауапкершілігін белгілеу.
- Балалардың бос уақытын ұйымдастыруға бөлінетін бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2376048-deputat-balalar-lagerlerindegi-qauipsizdik-maselesin-sheshu-boiynsha-shara-qabyldaudy-usyndy/