jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Айтолқын Адырбай
Айтолқын Адырбай
Қазақ редакциясының шеф-редакторы

"Хореографтар таңдайын қағып, көзіне жас алған": Есту қабілетінен айырылған биші қыз көпті өнерімен тәнті етті

Қарагөз Мұрат
Қарагөз Мұрат. Фото: instagram.com/blackkozz

Есту қабілетінен айырылған атыраулық биші талайдың таңдайын қақтырып жүр. Ол көрерменді өнерімен ғана емес, тағдырымен де тебірентеді. 24 жастағы Қаракөз Мұрат халықаралық байқаулардан да жеңіссіз қайтпайды.

КТК телеарнасының дерегінше, Қаракөз Мұрат - 24 жаста, Атырау тумасы. Есту қабілетінен айырылған. Жуықта Өзбекстан республикасының Хиуа қаласында  өткен «Лазги» биінен халықаралық байқауда балетмейстер, хореографтар таңдайын қағып, көзіне жас алған.  Бұл фестивальде Қаракөз Түрксой ұйымының сыйы мен қаржылай сыйақысын жеңіп алған. Ол Өзбекстан еліндегі байқаудың ауқымы соншалықты үлкен екенін, өзбек халқының ерекше құрметіне таң қалғанын айтады. Тіпті сайыс күні жақын қалғанда биін өзгертіп, күрделендірген. Оған да мойымадым, дейді биші қыз.

"Таң қалдым. Әр елден келген халық. Отшашулар. Көрермен өте көп. Осыдан кейін мен «қалай билеймін, мына үлкен сахнада қалай өнер көрсетемін» деп қатты уайымдадым.  Қорқынышымды жеңдім-ау дегенде, үш күн қалғанда, биімді өзгертті. Кері жаттадым. Би күрделеніп кетті. Бірақ осының бәріне қарамай билеп шықтым", - дейді Қаракөз Мұрат.

Қаракөздің құлағы естімейтінін ұйымдастырушылардан басқа ешкім білмеген. Тіпті тәлімгерлері де мұны жария етуден бас тартқан. Өйткені олар Қаракөздің аяушылықпен емес, өнерімен танылғанын қалаған. Байқауда ол алдымен қазақтың ұлттық биін, одан соң "Лазги" биін билеген.

"Бұл жерде тек кәсіби бишілер қатысты. Соның ішінде ерекше болған — Қаракөз. Ешкім ойлаған жоқ, оның құлағы естімейтінін. Бізге ұйымдастырушылар айтты, арнайылап айтайық, оның құлағы естімейтінін, елге жеткізейік деп. Біз "жоқ, биде қимыл тілі бар, түсінеді" дедік. Бірақ халық шынымен түсінбеген екен. Көп кісі Өзбекстаннан шығып  жатқан өзбек қызы деп ойлаған", - дейді Қаракөздің тәлімгері Исатай Елеусін.

Қаракөзге бес жасынан бері тәлімгер Исатай Өзбекстан байқауындағы халықтың ықыласын айтып жеткізе алмады. Тіпті көрерменмен бірге әр елден келген әділқазылар жылап тұрды дейді. Қаракөздің сахна киімдері өз қолынан шыққан. Бес жасынан киім тігеді. Өзбекстан елінде өткен байқауға көйлегін өзі арнайылып тігіпті. Ал тақиясын Өзбекстан еліндегі танымал зергерге тапсырыспен жасатқан. Киімінің өзіне өзбек халқы тамсанды дейді тәлімгері. Қаракөз тігін тіккеннен гөрі, билегенді ұнатады. Қазір өзі секілді құлағы естімейтін балаларға би үйірмесінен сабақ береді.

"Мен тігін тігуді білемін, бірақ биді қатты ұнатамын. Арманым — биші болу. Қазір есту қабілеті нашар қыз балаларға би үйретемін. Екі тобым бар. Менің көп сайысқа қатысып жүргенімді әлеуметтік желіден көріп, олар да шабыттанады. Оқушыларым да талай байқауда топ жарады деп сенемін", - дейді Қаракөз Мұрат.

Исатай Елеусін - Қаракөзбен бірге есту қабілетінен айырылған 15 қыздан құралған "Шаттық" би ансамблінің жетекшісі. Мұндай жандар музыканы естімесе де, жүрекпен, жан-дүниемен билейді дейді. Үйрету де оғай еместігін айтады. Қанша қиындық болса да, осы жаны нәзік ерекше жандардың үміттерін өшірмеуді өмірдегі мақсатына айналдырған.

"Хореографтар таңдайын қағып, көзіне жас алған": Есту қабілетінен айырылған биші қыз көпті өнерімен тәнті етті

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.