Қазақстанды индустрияландырудағы KAZ Minerals рөлі: Қарағандыда FLSmidth компаниясының кеңейтілген сервистік орталығы ашылды
Жарияланған күні:
Қарағандыда FLSmidth компаниясының кеңейтілген сервистік орталығының ашылу салтанаты өтті. Бұл жоба Қазақстандағы халықаралық өнеркәсіптік өндірісті жергіліктендірудегі маңызды бастамалардың бірі саналады.
Жобаны жүзеге асыруға FLS компаниясының стратегиялық индустриялық серіктесі әрі сервистік қызметтердің негізгі тапсырыс берушісі болып табылатын KAZ Minerals Тобының белсенді ынтымақтастығы мен қолдауы ықпал етті.
"Бүгінде FLS жабдықтары KAZ Minerals Тобы кәсіпорындарының өндірістік циклінің негізгі кезеңдерінің барлығында дерлік қолданылады — ұсату мен ұнтақтаудан бастап байытуға дейін. Бұл бізге құрамында мыс, алтын, күміс, мырыш және молибден бар соңғы өнім алуға мүмкіндік береді", — деп атап өтті "KAZ Minerals Management" ЖШС басқарма төрайымы Айжан Балабатырова.
Оның айтуынша, Қарағандыдағы жаңа цехтың ашылуы маңызды қадам болғанымен, жергіліктендіру үдерісі мұнымен аяқталмайды. FLS сервистік орталығының кеңеюі бүгінде жоғары қысымды ұнтақтағыш біліктерді (HPGR) жөндеуге мүмкіндік береді, алайда орталықтың әлеуеті бұдан әлдеқайда кең. Жаңа өндірістік қуаттар тау-кен байыту өндірісінде сұранысқа ие басқа да тораптар мен компоненттерді жергіліктендіруге жағдай жасайды. Мұндай тәсіл шетелдік жеткізілімдерге тәуелділікті азайтып, ел ішінде тұрақты өнеркәсіптік базаны қалыптастырады.
FLS сервистік орталығын кеңейту жобасы жаңа қойма салуды, қолданыстағы цехты ұлғайтуды және заманауи зерттеу зертханасын құруды көздейді. Жоба аясында Union PR 160 көлденең-ұңғымалау станогы, Rafamet KCI 500N тік токарлық станогы, сондай-ақ жүк көтергіштігі 120 тонна болатын көпірлі кран орнатылды. Бұл жабдықтар ауыр машина жасау саласына жатады және негізгі тораптарды Қазақстан аумағында өндіруге әрі қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
FLS Group компаниясының бас директоры Тони Лааксонен өндірісті Қазақстанда жергіліктендіру туралы шешім жаһандық деңгейде қабылданғанын атап өтті. Компания Қазақстанды өндірістік активтері мен негізгі тапсырыс берушілері шоғырланған, қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі ретінде қарастырады. Сонымен қатар KAZ Minerals кәсіпорындарына жақын орналасуы өндіріс қажеттіліктеріне жедел әрекет етіп, байыту фабрикаларындағы жабдықтардың пайдалану мерзімін арттыруға мүмкіндік береді.
"Машина паркінің кеңеюі Қазақстандағы өндірістік мүмкіндіктерімізді едәуір арттырады. Бүгінде сервистік орталық ішкі нарыққа бағытталған, алайда болашақта экспортқа шығуды да қарастырып отырмыз. Бұл Қазақстанның халықаралық өндірістік бағытындағы позициясын күшейтеді", — деді Тони Лааксонен.
Жобаның операциялық тұрақтылық тұрғысынан да маңызы зор. Тау-кен өндірісі саласында жабдықтардың істен шығув өндірістік циклдің үздіксіздігі мен кәсіпорындардың экономикалық көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді. Осындай жағдайда жергілікті жөндеу және қызмет көрсету орталығының болуы тәуекелдерді азайтып, жабдықтарды қалпына келтіру уақытын қысқартатын стратегиялық факторға айналады.
Қарағандыдағы сервистік орталық техникалық инспекциялар жүргізуден бастап, нақты жағдайына қарай қалпына келтіру, қосалқы бөлшектер өндіру мен ірі габаритті тораптарды механикалық өңдеуге дейінгі кең ауқымды міндеттерді атқарады. Сонымен қатар орталық айырбас сервистік бағдарламалар аясында жабдықтарды сүйемелдеп, олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Дамыған қоймалық инфрақұрылым мен қорларды басқару жүйесі аса маңызды компоненттерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартып, тапсырыс беруші кәсіпорындардағы жабдықтардың тоқтап қалуын барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Жергілікті қамтуды дамыт ерекше назарда. Қазақстан Республикасының тауар шығу тегі сертификатын алу ел ішінде жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Қарағандыда HPGR үшін бандаждар өндіру, сорғы біліктерін механикалық өңдеу, ұсатқыштардың негізгі біліктеріне бұранда кесу, сондай-ақ гидроциклондар мен сорғы және бекіту жабдықтарына арналған қосалқы бөлшектер шығару игерілуде.
KAZ Minerals-тың халықаралық өнеркәсіптік компаниялармен ынтымақтастығы Қазақстанда FLS, BORUSAN және басқа да өндірістерді жергіліктендіруге ықпал етті. Жүзеге асырылған жобалардың жиынтық нәтижесі — мыңға жуық жаңа жұмыс орны және 43,8 млрд теңге көлеміндегі инвестиция.
Мұндай жобалар Қазақстанда тұрақты өнеркәсіптік экожүйе қалыптастырып, технологиялар трансферіне, инновацияларға және еуропалық стандарттарға сай жоғары технологиялық құзыреттердің дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар "жасыл" технологияларды енгізуге жол ашып, еліміздің өңірлік индустриялық хаб ретіндегі рөлін нығайтады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз