jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Айтолқын Адырбай
Айтолқын Адырбай
Қазақ редакциясының шеф-редакторы

Кез келген адам көшіп бара алмайды: Алатау қаласында кім тұра алады

Алатау қаласының макеті
Алатау қаласының макеті. Фото: : primeminister.kz

Алматы іргесінен бой көтеретін Алатау қаласына кез келген адам көшіп бара алмайды. Шаһарда тек резиденттік рұқсаты бар азаматтар ғана тұра алады. Яғни, жұмыс істеп, оқу оқитын, бизнесін дөңгелетіп отырған жандар ғана өмір сүреді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Үкіметтегі баспасөз жиынында ақылды қалаға қатысты журналистердің сауалдарына 2 сағаттан астам уақыт жауап берді. Бозымбаев "Алатаудың инженерлік инфрақұрылымы Алматыға қосымша жүктеме болмайды" дейді. Сөзінше, қаланың су, электр және кәріз жүйелерін дамытуға арналған жоспар жасалған. Инфрақұрылым жаңартылып, жаңа электр желілері мен қосалқы стансалар салынады. Вице-премьер керісінше Алматыға да оң әсерін беріп, электр қуатының көлемін арттырады деп отыр.

"Алматыға Алатау қаласы ешқандай ауыртпашылық түсірмейді. Өйткені Алатау қаласына инфрақұрылым, су мәселесін, электр торабын жаңадан салу, жаңғырту және кәріз жүйесін салу үшін арнайы жоспар бар. Жоспар арқылы тиісті су жерасты сулар зерттеуі болады. Сонан кейін оны ары қарай дамыту үшін тиісті инвестиция тартылатын болады. Сонымен су мәселесі Алатау қаласында шешілетін болады. Ешқандай қаупі жоқ", – деді премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Алатауда бой көтеретін биік ғимараттар зілзалаға төзімді болады. Себебі құрылысқа қойылатын сейсмикалық талаптар күшейтіледі. Осылай деген қала әкімі жаңа нормалар енгізіліп жатқанын айтып, қауіпсіздік қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

"Жаңа нормалар қабылданады. Ол жерде қосымша ғимаратты архитектурасын жобалады. Архитектордың, құрылысшының да жауапкершілігі үстіне қосылатын болады. Сондықтан жауапкершілік күшейтіледі", – деді Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов.

Ақылды шаһарда құны 2 триллион теңгеге жуықтайтын 50 инвестициялық жоба іске асырылады. Үкімет салықтық жеңілдіктерді нақты осы қалада жұмыс істейтін компанияларға ғана береді. Ал кәсіпорында Алатауда тіркеп, жеңілдік алып, бірақ жұмысын өзге өңірде жасап, табыс тапқысы келетіндердің құйтырқы әрекетіне жол берілмейді. Ондай компаниялар салықты толық төлейді.

"Салықтық жеңілдіктер Алатау қаласында жұмыс жасай тұғын инвесторлар үшін, резиденттер үшін басым салаларға яғни, страгеиялық құжаттардағы белгіленген басым салаларға ғана беріліп отырады. Екіншіден, барлық берілген жеңілдіктер, преференциялар цифрлық форматта толығымен жарияланып отырады. Яғни кез келген азамат қайбір жобаға қандай жеңілдік берілгені, оның көлемі бойынша ақпаратты толығымен ала алады", – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Ақылды қала Алатауды салу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен мамандар тартылады. Қанат Бозымбаев инвесторларға кадрларды оқытып, біліктілігін көтеру міндеті жүктелетінін айтты. Сондай-ақ ол шетелден де жұмысшылар келетінін жасырмады.

"Мысалы қарапайым инженерді бас инженерге дейін оқытады. Үйренсін. Тиісті университетте білім ала ма, өзі оқыта ма, Қытайға жібере ме, өзіне міндеттеме  алады. Мысалы 1 мың тонна көтеретін автокранның маман жоқ. Оны алып келуге болады. Өкінішке қарай,  сыртан алып келеміз", – деді премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев ақылды қалада тек резиденттік рұқсат бар азаматтар ғана тұрады дейді. Яғни, оқитын оқуы, істейтін жұмысы, дөңгелетіп отырған кәсібі бар жандардың мекені болады. Пәтер сатып алғандар да осы санатқа қосылады. Шаһарда жер үйлер болмайды. Заңғар көкпен таласқан зәулім баспаналар бой көтереді.

Кез келген адам көшіп бара алмайды: Алатау қаласында кім тұра алады

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.