Әскери оқу орындарын үздік бітірген қазақстандық түлектерге "аға лейтенант" әскери атағы беріледі
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Бұдан былай әскери оқу орындарын үздік бітірген түлектерге бірден "аға лейтенант" әскери атағы беріледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
19 мамырда мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Осы заңды жүзеге асыру мақсатында "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңға толықтырулар әзірленді.
"Бұл өзгерістер оқуын тәмамдаған курсанттарға әскери атақ беру тәртібіне қатысты болып отыр", - делінген хабарламада.
Министрліктің ақпараты бойынша, Қазақстанның және шет мемлекеттердің әскери, арнаулы оқу орындарында жоғары білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқу нысанын үздік бітірген түлектерге бұдан былай "аға лейтенант" әскери атағы беріледі.
Сонымен қатар оларға қызмет орнын өз қалауы бойынша таңдау құқығы берілмек.
"Мемлекет басшысы жарлығының жобасы үздік түлектерге "аға лейтенант" әскери атағын берудің жаңартылған тәртібін заңды түрде бекітеді. Бұл заңнамалық жаңашылдық әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін нығайтып, курсанттардың оқуда және қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізуге деген ынтасын арттыра түспек", - дейді ведомство өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2379567-askeri-oqu-oryndaryn-uzdik-bitirgen-qazaqstandyq-tulekterge-aga-leitenant-askeri-atagy-beriledi/