Алматыда 25 жастағы жігіт жұмбақ жағдайда жоғалып кетті (фото)
Жарияланған күні:
Алматыда 25 жастағы жігіт жұмбақ жағдайда жоғалды. Ерзат Егімбайды жақындары үш күннен бері іздеп жатыр. Іздеу жұмыстарына еріктілер мен полицейлер жұмылдырылған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна дерегінше, жігіт сейсенбіде жұмысынан "дүкенге барамын" деп сұранып шығыпты. Алайда автобусқа отырып, басқа бағытқа кетіп қалған. Соңғы рет сол күні түскі уақытта келіншегіне хабарласыпты. Ерзаттың "Райымбек" метро станциясынан шығып, әлдебіреумен сөйлесіп жүрген сәті бақылау камерасына түсіп қалған. Артынша тағы да автобусқа отырып, Космос ауылына қарай бет алғаны белгілі болыпты. Ұялы телефоны кешке дейін қосулы тұрған. Одан кейін байланыс мүлдем үзіліпті.
Жақындарының айтуынша, ол ешкіммен жанжалдаспаған, қарызы да болмаған. Қазір жігітті іздеуге туыстары, полицейлер мен еріктілер жұмылдырылды.
"Үйге келген жоқ деп, келіншегі үлкен ұлыма хабарласқан. Сағат 9 жарымға дейін келіп қалар деп, үйде күткен. Негізі, келем дегенше, кептелісте 9 жарым болады екен. Келмеген. Содан кейін дабыл қаға бастадық. Ол проблема тудыратын адам емес, негізінде. Өте ақкөңіл, адамдарға көмектескісі келіп жүретін. Көшеде кетіп бара жатқан адамдарға көмектеседі, біреу жол сілтесе, соған көмектеседі. Өте бір мейірімді адам. Бес уақыт намазын оқиды. Біреу телефон соққан болу керек. Ар жағынан біреу "жүре бер, мында кел" деп шақырып тұрды ма деп ойлаймын. Басыма түрлі ой келеді", - дейді жоғалған жігіттің анасы Талшы Құсайынова.
Байланыс нөмірі: 87714007776 - қарындасы Маржан
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2379885-almatyda-25-zhastagy-zhigit-zhumbaq-zhagdaida-zhogalyp-ketti-foto/