"Қазақстан Қарулы күштері толық жасақталды": Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруға қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Қорғаныс министрлігі көктемгі әскерге шақыру науқанына қатысты жаңа мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды ведомстовға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда президент жарлығына сәйкес 2026 жылғы 17 наурыз бен 30 маусым аралығында өтетін көктемгі әскерге шақыру науқаны әлі жалғасып жатыр.
1 маусымдағы жағдай бойынша Қарулы күштерді, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметін, Мемлекеттік күзет қызметін және Төтенше жағдайлар министрлігін жасақтау жоспары толық көлемде орындалған.
Жаңа шақырылғандардың басым бөлігі жас сарбаздар курсын аяқтап үлгерген. Әскери қызметшілер жалпыәскери жарғыларды оқып, саптық және атыс дайындығының негіздерін меңгерген, қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларымен танысқан. Дайындықтың қорытынды кезеңі ретінде салтанатты түрде әскери ант беру рәсімі өткізілді.
Дегенмен қазіргі уақытта ел өңірлерінде әкімдер орынбасарларының басшылығымен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары өз жұмысын жалғастырып жатыр.
Негізгі күш Ұлттық ұлан бөлімшелерін жасақтауға бағытталған. Жоспарға сәйкес, оның қатарына 7 мыңнан астам жас шақырылатын болады.
Азаматтарға шақыру электронды форматта SMS-хабарламалар және eGov порталы арқылы келу күніне кемінде үш күн қалғанда жіберіледі. Электрондық хабарлама ресми шақыру мәртебесіне ие.
Министрлік хабарлама алған азаматтар жергілікті атқарушы органдардың әскерге шақыру пунктіне келуге міндетті екенін ескертті. Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік, ал әскери қызметтен жүйелі түрде жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2383191-qazaqstan-qaruly-kushteri-tolyq-zhasaqtaldy-qorganys-ministrligi-askerge-shaqyruga-qatysty-malimdeme-zhasady/