Алматы облысында тұрғындар салған үйінен айырылып қалуы мүмкін
Жарияланған күні:
Алматы облысы Қарасай ауданында 80 сотық жерді бөліп сатып алған 9 тұрғын алаяқтарға алдандық деп отыр. Айтуынша, олар 2018 жылы хабарландыру арқылы жер телімдерін сатып алып, кейін онда үй тұрғызған. Алайда араға жылдар салып, учаскелердің басқа заңды иесі бары белгілі болған. Енді баспаналы боламын деген тұрғындар жерден де, салған үйінен де айырылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Тұрғынның айтуынша, ол жер телімін сатып алып, мәмілені нотариус арқылы рәсімдеген. Кейін осы учаскеге үй салған. Бірақ уақыт өте келе, үй бой көтерген жердің басқа заңды иесі бары белгілі болған. Ол өз кезегінде бұл учаскенің сатылуына келісім бермегенін, сондай-ақ оны маклерлер мен риэлторларға сатуға рұқсат етпегенін жазбаша түрде растаған.
"Біз 3-4 адамның құрбаны болдық. Әлі жеңе алмай жатырмыз. Үйсіз қалуымыз мүмкін. Себебі бізден басқа да тағы сатып алған адамдар бар. Солар да мысалы, жерге таласып жатыр", – деді Райымбек ауылының тұрғыны Нағима Байымбетова.
Даудың негізгі түйіні - жердің кімге тиесілі екенінде ғана емес, оның қалай сатылғанында. Жәбірленуші тараптың айтуынша, олар кейін бұл учаскені бастапқы заңды иесінен қайтадан ресми түрде сатып алған. Соған қарамастан, базада жер теліміне қатысты екі түрлі мәлімет бар: бірінде меншік құқығы заңды деп, екіншісінде заңсыз тіркеу ретінде көрсетіліпті. Енді тұрғындар осы қайшылықтың жойылып, "заңсыз" деген мәліметтің жүйеден алынып тасталуын сұрайды. Себебі дәл осы дерек олардың жерді толық заңдастыруына және үйге қатысты құжаттарды реттеуіне кедергі келтіріп тұр.
"Тоғыз адам 80 соттық жер телімін сатып аламыз. Аудандық, облыстық сот болды Сот шешімін түсінбейсің. Сатып алуға бірге бармаған адамдар "жер біздікі" дегендей таласып жатыр", – деді Райымбек ауылының тұрғыны Мұрат Қалиев.
Райымбек ауылдық округі әкімнің айтуынша, мұндай дауларда ең алдымен жердің кадастрлық шекарасы, меншік құқығы және сату-сатып алу мәмілесінің заңдылығы жан-жақты тексерілуі керек. Егер құжат рәсімдеу барысында заңбұзушылық немесе алаяқтық белгілері анықталса, оған қатысы бар тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс дейді.
"Бұл мәселе беймәлім. Себебі 2018-2019 жылдары болған. Бірақ осы күнге дейін мәселе бойынша арыз-өтініш түспеген. Бұл кісі жерді алатын кезде бізге келген жоқ. Аудандық сәулет бөліміне барып, тексеріп қарауы керек еді", – деді Райымбек ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов.
Бұл дау сотқа да жеткен. Алғашқыда Қарасай аудандық соты үйдің қазіргі иелерінің пайдасына шешім шығарған. Алайда кейін Алматы облыстық соты бұл шешімді өзгерткен. Осылайша жерді сатып алып, оған баспана салған тұрғын жерді сатқан адамдардың, мәмілеге араласқан маклерлер мен нотариустың әрекеті тексеріліп, заң аясында нақты баға берілуін талап етіп отыр. Ал Қарасай аудандық прокуратурасы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, жер телімдерінің сатылу мәнжайы мен құжаттардың заңдылығына құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2387421-almaty-oblysynda-turgyndar-salgan-uiinen-aiyrylyp-qaluy-mumkin/