Вьетнамға баруға ниетті қазақстандықтар үшін маңызды хабарландыру жасалды
Жарияланған күні:
ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына Вьетнамға келгені туралы ақпарат берудің жаңа тәсілі енгізіліп жатқанын ескертті, деп хабарлайды KAZNUR.KZ.
СІМ-нің мәліметінше, Вьетнам шетел азаматтарының елге кіру рәсімдерін жеңілдету мақсатында "Алдын ала ақпарат ұсыну жүйесін" (Pre-arrival Information – PAI) пилоттық режимде іске қосқан.
"Аталған жүйе шетел азаматтарына Вьетнамға сапар алдында қажетті ақпаратты онлайн режимде алдын ала ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шекаралық бақылаудан өту уақытын қысқартуға және әуежайлардағы жолаушылар ағынын оңтайландыруға бағытталған", - делінген хабарламада.
СІМ өкілдерінің хабарлауынша, жүйе қазіргі уақытта Таншоннят халықаралық әуежайында пилоттық режимде іске қосылған. Алдағы уақытта Вьетнамның Нойбай, Дананг, Камрань және Фукуок халықаралық әуежайларында, сондай-ақ мемлекеттік шекарадағы басқа да өткізу пункттерінде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
"Бұл ретте PAI жүйесі Вьетнамға кіру үшін міндетті талап болып табылмайтынын және виза рәсімдеу функциясын атқармайтынын атап өткен жөн. Жүйе тек сапар туралы ақпаратты алдын ала ұсынуға арналған", - делінген хабарламада.
Вьетнам билігі шетел азаматтарына тіркелуді тек ресми портал – prearrival.immigration.gov.vn арқылы жүзеге асыруды және жалған интернет-ресурстардан сақ болуды ұсынады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2390556-vetnamga-baruga-nietti-qazaqstandyqtar-ushin-mangyzdy-habarlandyru-zhasaldy/