Алматыда электросамокат тебушілер жаппай тексеріліп жатыр: 1 шілдеден бастап не өзгереді
Жарияланған күні:
Алматыда 29 маусым мен 1 шілде аралығында полиция "Электросамокаттар және электрмопедтер" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, іс-шара 1 шілдеден бастап күшіне енетін заңнамадағы өзгерістер қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Жаңа нормаларда электросамокаттар мен электрмопедтерді пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ кикшеринг қызметін көрсететін операторлардың жауапкершілігі нақты айқындалған.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол жүрісі қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтіп, профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе жолаушы тасымалдау, қауіпті маневр жасау, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, жолдың жүріс бөлігін кесіп өту қағидаларын бұзу, сондай-ақ электрсамокаттарды ретсіз қою фактілерін анықтауға ерекше назар аударылуда.
"Біздің басты міндетіміз – құқық бұзушылықтардың алдын алу. Біз электрсамокат пайдаланушылар арасында қауіпсіз қозғалыс мәдениетін қалыптастырып, заңнаманың жаңа талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге күш саламыз. Жол қозғалысына қатысушы әрбір азамат қауіпсіздікке ортақ жауапкершілікпен қарауға тиіс", - деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Алматы қаласының полиция департаменті электрсамокаттар мен электрмопедтерді пайдаланушыларды жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға, жол қозғалысының өзге қатысушыларының құқықтарын құрметтеуге және заңнаманың жаңа талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырады.
Еске сала кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда электросамокаттар мен кикшеринг сервистеріне арналған жаңа талаптар қолданысқа енгізіледі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2394394-almatyda-elektrosamokat-tebushiler-zhappai-tekserilip-zhatyr-1-shildeden-bastap-ne-ozgeredi/