ҰБТ-2026: тағы бір талапкер 140 балл жинады
Жарияланған күні:
Қызылорда облысының түлегі Альфия Балхан негізгі ҰБТ-да 140 балл иеленді, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, 1 шілдеде Қызылорда қаласында орналасқан аймақтық тестілеу орталығында Альфия Балхан "Қазақ тілі – Қазақ әдебиеті" пәндер комбинациясын таңдап, емтиханды сәтті тапсырған.
Тестілеу нәтижесі бойынша ол 138 балл жинаған. Сондай-ақ ҚАЗТЕСТ сертификатын пайдаланып, "Қазақ тілі" пәні бойынша балдарын конвертациялаған. Осылайша, қазіргі таңда Альфия Балханның жалпы нәтижесі – 140 балл.
Талапкер ҰБТ-ға жүйелі түрде дайындалғанын айтады.
"Менің арманым – педагог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу. Кішкентайымнан қазақ классикасын оқуға құмармын, сүйікті шығармам – Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романы. Әдебиетке деген сүйіспеншілігім мені ұстаз болуға және ана тілімізге деген құрмет пен сүйіспеншілікті жас ұрпақтың бойына сіңіруге жетеледі", - дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін негізгі ҰБТ-да (26 мамырда) Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир 140 балл жинаған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2395360-ubt-2026-tagy-bir-talapker-140-ball-ielendi/