ІІМ блогерлерге, паблик және сайт иелеріне ескерту жасады: себебі неде
Жарияланған күні:
Читать на русском
ІІМ жақында "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген өзгерістерге қатысты сұрақтарға жауап беріп, блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларын тек тексерілген ақпаратты таратуға шақырды, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина жүргізушілердің медицинaлық тексерістен өтуіне қатысты қандай өзгерістер енгізілгенін түсіндірді.
"Жүргізушілердің медициналық тексеруден өту талабы жаңа талап емес. Бұл норма 2014 жылдан бері "Жол жүрісі туралы" заңда көрсетілген. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері өзара біріктірілді. Соның арқасында міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер екі министрліктің жүйелері арасында автоматты түрде беріледі", - деді ол.
ІІМ өкілі 65 жастан асқан жүргізушілер нені білуі керек екенін айтты.
"65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілерге тек әр екі жыл сайын медициналық тексеруден өтсе жеткілікті. Оның нәтижесі автоматты түрде жүйеге түседі. Сондықтан ешқандай қосымша анықтама жинаудың немесе мемлекеттік органдарға барып жүрудің қажеті жоқ. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзарту немесе бұл туралы ІІМ-ге жеке хабарлау талап етілмейді. Азаматтарға алаңдауға еш негіз жоқ. Ешқандай жаңа талап немесе артық құжат рәсімдеу енгізілген жоқ. Барлығы бұрынғыдан да ыңғайлы және қарапайым түрде", - деді ол.
Сондай-ақ ІІМ блогерлер мен ақпараттық парақша иелеріне де үндеу жасады.
"Блогерлер мен ақпараттық парақша иелеріне жалған ақпарат таратқаны үшін заңда жауапкершілік бар екенін ескертеміз. Сондықтан ақпаратты таратпас бұрын оның дұрыстығына көз жеткізуді сұраймыз. Себебі жалған мәліметтер халықты шатастыруы мүмкін. Сондықтан тек мемлекеттік органдардың ресми ақпараттарына сенуге кеңес береміз. Қажет болған жағдайда түсіндірме беруге әрдайым дайынбыз", - деді спикер.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 25 тамызда "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген түзетулер күшіне енетінін жазған едік. Бұл өзгерістерге қатысты ІІМ өкілі пікір білдірген болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2403557-iim-blogerlerge-pablik-zhane-sait-ielerine-eskertu-zhasady-sebebi-nede/
