Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс сотқа жолданды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы Астана полиция департаментіне сілтеме жасаған Kazinform хабарлайды.
Агенттіктің мәліметінше, былтыр қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс сотқа жолданған.
"Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды", - делінген полиция департаментінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Алайда Астана сотының баспасөз қызметі алғашқы сот отырысы өтетін күн әлі белгіленбегенін хабарлаған.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер құлап, адамдар зардап шеккен еді.
Кейін оқиға орнында жедел жәрдем фельдшері де жарақат алғаны белгілі болды. Ол зардап шеккен ер адамды үйінді астынан шығарып алмақ болған кезде, басына 9-қабаттан кондиционер құлаған.
Өкінішке қарай, 18 қарашада фельдшер көз жұмды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм Ұлдана Мырзуанды "Ерлігі үшін" медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2409757-feldsher-uldana-myrzuannyng-olimine-qatysty-is-sotqa-zholdandy/
