Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақтың саны неге өспей отыр?

Опубликовано:

Мемлекеттің ең басты байлығы адам десек, Қазақстанның қаншалықты бай екендігіне біраз тоқтала кетсек.

Құдай қаласа, табиғи өсіміміз кемімесе 2013 жылдың ортасына қарай 17 млн-ға жетеді екенбіз. 1991 жылғы санымызды дөңгелетіп айтқанда 17 (16.9) млн екенін ескерсек, сол деңгейге 22 жылдан кейін жетейін деп тұрмыз. Ал шын мәнінде табиғи өсімге, сырттан келген 1 млн қандастарымызды қосқанда санымыз бұдан да көп болуы керек емес пе еді деген сұрақ туындайды.

Қазақстан өзінің дамуын Өзбекстан сияқты елдермен салыстырып, қарқынды дамып жатқанын жиі айтады. Енді сол биліктің әдетіне салып халық санағын да Өзбекстанмен салыстырып көрсек. Өзбекстанның халық саны 1991 жылы 20 млн 708 мыңды құраса,  2012 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша 29 млн 874 мың болған екен. Биылғы жылдың соңына қарай 30 млн-ға жететінін ескерсек 22 жылда Өзбекстан 10 млн-ға көбейеді. Ал Қазақстан 22 жылда бұрынғы 17 млн-на жетеді. Халық саны ең басты саясат екенін, елдің даму көрсеткіші екенін ескерсек, біздің осы күнге дейінгі әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімізге күдіктер ұялайды.

Өзге диаспоралардың жаппай көшіп кетуін сылтау етудің керегі жоқ. Себебі кеткендердің көпшілігінің қайта келгенін, оған 1 млн қандастардың келгенін қосқанда керісінше халық санымыз көбеюі керек еді, қалай болғанда да. Өзбекстан біз сияқты сырттан қандастарын әкелген жоқ. Керісінше көшіп кетушілері көп болды. Соның өзінде бала туудан алдына жан салмай 10 млн-ға көбейіп отыр. Өзбекстан біз сияқты балаларын шетелге сатып жатқан жоқ. Егер жағдайымыз жақсы болса, біз неге балаларымызды шетелге сатамыз деген заңды сұрақ туындайды?

Осы проблемалар төңірегінде екі мәселеге тоқталғым келеді. Біріншісі, халық санағы төңірегіндегі күмәндар. Екіншісі халық санының көбеймеуінің себеп салдарлары.

Алдымен биліктің халық санына қатысты күмәнді сандарын жасырмай айта кеткен дұрыс. Мысалыға, 2007 жылы халық саны 15 млн 394 мың болса, 2012 жылы 1 қазанда 16 млн 856 мыңға жетіпті. Егер де осы жылдардағы жылдық табиғи өсімнің шамамен 130 мың екенін ескерсек, 5 жылда 650 мыңға көбеюіміз керек.

Ал мына санақта 5 жылда шамамен 1.5 млн-ға (1 млн 462 мың) көбейген екенбіз. Ылайым осылай болғай дегенімізбен, демографияның заңдылықтарына үйлеспейді. Көшіп кеткендер мен көшіп келушілердің ара салмағының көп еместігін және соңғы жылдағы шетелден келетін қазақтар көшінің тоқтағанын қоссақ, Статистика агенттігінің есебіне күмәніміз тіпті күшейе түседі.

Бәлкім Елбасының "2015 жылы халық саны 20 миллионға жетуі керек" деген тапсырмасын орындау үшін жылдам көбейтіп жатқан шығар деген ой да бар. "Қазақстан-2030" стратегиясында халық санын 25 млн-ға жеткізу көзделген болса, бұл бағдарламаның мерзімінен бұрын "орындалғанына" да куә болдық.

Қалай болғанда да соңғы халық санағының төңірегінде үш түрлі, яғни 2009 жылғы халық санағында қазақтардың үлес салмағын Премьер-министр 67 пайыз десе, Елбасы 65 пайыз, соңында Статистика агенттігі 63 пайыз деп шығарды.

Қаптаған қате сандарды шұбыртпай әдейі қысқа ғана пайыздық көрсеткішпен беріп отырмын. Санымыз да көп емес еді, билікті ақтап алайын десек, айналасы 16 млн ғана халықпыз. Ең басты күдік туғызатыны, осы әрбір өзгертуде қазақтардың ғана санын азайтумен шектелгендігі.

Егер де халық санағы кезінде ұлттық белгілеріне қарай бөлек санамайтынын, яғни қазақтарды бөлек санамағанын ескерсек, қазақтардың ғана санын азайтумен шұғылданғандары үлкен күдік тудырады. Себебі неге тек қазақтардың санын азайтты? Қазақтарды санауда қате кетті дейін десек, барлығын бірге санады. Онда барлығының санын шегеруі керек емес пе?Халық санағы бойынша әлемдік ортақ тәжірибе бар. Ол бойынша халық санағында қателіктер кеткеннің өзінде ол 3 пайыздан аспауы тиіс екен. Ал бізде алғашқы мәліметпен жаңа мәліметтің арасында 1 млн. адам кеміді, яғни 6.2 пайыз қатені құрайды. Оған соңғы ресми мәліметте айтылған, "халық санағына кірмей қалғандар 1 пайызды құрайды" деген ресми қатені қоссақ 7.2 пайыз. Одан қалды халық санын ұзақ есептеу жағынан Гиннестің рекордын жаңартқан болуымыз мүмкін.

Қорыта айтқанда, жасанды жолмен көбейтіп жатқандай көрінетін қазіргі халық санының дәлдігіне күмән басым. Айтпағым, бәлкім санымыз бұдан да аз болуы мүмкін деген қорқыныш...

Келесі мәселе, халық санының көбеймеуінің себеп салдарлары. Бұның ең басты факторы әлеуметтік жағдайдың нашарлығы. Бұл ғылыми еңбек болмаған соң, көтеріп отырған мәселенің шынайылығын көрсету үшін, халықтың санын көбейтуші - жастардың ортасында жүрген соң, өз бетіммен жүргізген қарапайым зерттеулермен-ақ көп жайттан хабар бергім келіп отыр. Бір жағынан халқымыздың саны аз болған соң, кішкентай ғана қоғамдағы жағдай бәрімізге белгілі. Әрі қоғамдағы жағдайды көзбен көріп көңілге түйген, түрлі әдістермен, мысалыға әлеуметтік желілер арқылы зерттеп сараптаған дерек жағдайдың әлдеқайда шынайылығын ашады деп ойлаймын.Қай дерекке сүйенсек те, орташа есеппен отбасыларда бір-екі ғана баладан аспайтындығы анықталды. Демек, екі баладан деп томпайтып алғанның өзінде демографияның қарапайым заңдылығына сәйкес, бізде өсім жоқ деген сөз.

Біздің жағдайда халық санын көбейтудің екі жолы бар

Біріншісі, әлемдік тәжірибедегідей баланың тууына жағдай жасап, ынталандырып, баланың тууын жылдам көбейту. Яғни жауыр болса да айтайын әлеуметтік жағдай болмаса баланың тууы өспейді.Екіншісі, шетелдегі қазақтарды көшіріп әкелу. Билік райынан қайтпай көшті жүргізбесе, онда біз азамат ретінде шетелдегі қандастарымызды шақырту құқымызды пайдалануымыз керекпіз. Құдайға шүкір шетелдегі 5 млн. қазақты шақыртуға Қазақстандағы қазақтардың саны жетеді.Қысқасы, халық санының ұзақ жылдардан бері көбеймеуі, мемлекеттің барлық саладағы әлсіздігін көрсетеді. Осы халық саны арқылы Қазақстанның шын бет бейнесін көруге болады. Былайша айтқанда елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының көрсеткіші. Халықтың өсімі тоқтап жатқан кейбір дамыған елдерде қордаланған әлеуметтік экономикалық жағдайдан екенін ашық түрде қоғамның алдында мойындап және оған қарсы күресіп, себеп салдарларын жойып жатыр. Бізде жалған мәліметтермен өз өзімізді алдай бермей, дертті ашып айтып, қоғам болып, билік болып бәріміз жұмыла күресейік. "Ауруын жасырған өледі". Осы кезге дейін жыртығымызды жамаған, өтірігімізді жауып келген оралмандар көші тоқтады. Егер де дерттің алдын алмасақ, проблемалардың үлкені енді басталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/247755-kazaktyn-sany-nege-ospej-otyr/

pixel