Ауылдағы ағайыннан ұят деп түсік жасайтындар көбейді
Жарияланған күні:
Қасиетті Құранда "Біреудің жанын қимаңдар, бір адамды өлтірудің күнәсі – барлық адамды өлтірумен тең, қиямет күні күнәсіз өлтірілген балалардың есебі сұралады…" деген аяттар бар.
Әбу Ханифа және көптеген ислам ғалымдары түсік жасату харам, яғни, кісі өлтіргенмен бірдей деп үкім берген. Бірақ, білікті бірнеше дәрігер анасының өміріне айтарлықтай қауіп төнгенін анықтап, дәлелді түрде айтқан жағдайда ғана шариғат түсік жасатуға рұқсат етеді. Мұндай жағдайда ислам ғалымдарының кейбірі шаранаға жан бітсе де алдыруға болатынын айтқан. (Қадаиә фиққииә муғасира, 3-том, 123-бет, Каир). Бүгінде бүкіл әлем "жасанды түсік" дейтін үлкен қасіреттен құтыла алмай отыр.Деміңді ішіңе тарттырған деректерҚазақстанда жыл сайын 170 мыңнан астам сәби жасанды түсіктің құрбаны болады екен. Бұл – ресми тіркелген дерек. Тіркелмегенін есептей беріңіз... Бала бойға біткен сәттен бастап ол – тірі жан иесі. Құрсақта жыбырлап, қозғала бастайды. Мамандардың айтуынша, денеге біткен шарана операция кезінде жанталасып пышақтан қашады екен. Операция құралдарынан жиіркеніп, тітіркеніп тар жатырдың ішінде жан ұшыра қашқанын көруге болады. Осының өзі адам жүрегіне қатты бататын қайғылы жағдай. Бала алдыртқандар сәбиді өлтіргенімен қоймай, Аллаһтың адамға берген үлкен сыйы – денсаулығына да қиянат жасайды.
Мамандар түсік жасатқан қыздар екінші рет жүкті болу мүмкіншілігінен 20%-ға айырылатынын айтады. Тіпті, көтергеннің өзінде кемтар сәбиді өмірге әкелетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Қазақстанда жасанды түсік жасату көрсеткіші дамыған елдерден әлдеқайда көп. Ақ халаттылар жыл санап, мұндай оқиғалардың жиілеп кеткенін айтуда. Ресми дерекке сүйенсек, 2007 жылдың өзінде республика бойынша 133 мың аборт жасалған. Жасанды түсік тастау әртүрлі асқынуларға және бедеулікке алып келуі мүмкін. Соңғы бес ай ішінде әр облыс бойынша 4700 сәби дүниеге келсе, ал аборт жасау оқиғалары 2000-ға жетіп отыр.
Бейресми статистикаға жүгінсек, өткен жылы аборт жасатуға аңсары ауған 170 қазақстандық әйел Қытайдан әкелінген күмәнді дәрілердің кесірінен аурухана төсегіне таңылған. Әсіресе "А" деп аталатын дәрісі іштегі шарананы түсірмек былай тұрсын, жатырды қоса шірітіп жібереді екен. Азаптанып ауырған әйелдер ауруханаға түскен соң, дәрігерлер ананың өзін аман алып қалу үшін, амал жоқ, жатырын алып тастауға мәжбүр болады. Бұл дегенің ұлтты тамырынан суалту демеске амал жоқ. Құрсағынан қоса айырылған ананың, ұлттың өсіп-өркендеуіне үлес қоса алмайтындығы тағы анық.Ауылдағы ағайыннан ұят…Бала алдырып, қалған өмірінде бармағын шайнап қалған Айнұр (аты өзгертілген) есімді келіншек студент кезінде ойнап жүріп, от басқан. Ол түсік жасатып, ішіндегі өз шаранасын дәрігер пышағымен бөлшектеткенін, әлі күнге дейін өзін-өзі кешіре алмайтынын айтып көзіне жас алды. "Бұл жағдайдан ауылдағы жеті баланы бағып-қағып отырған ата-анам да бейхабар еді. Егер естігенде... Білмеймін, тіпті, елестете алмаймын. Шарасыздықтан түсік жасаттым. Басқа амал жоқ еді. Сөйтіп, үш жарым жылдан кейін бағым ашылғандай боп, тұрмыс құрдым. Бірақ, Алла Тағалам бала табуды бұйыртпады.
Дәрігерлер түсік жасатқаннан кейін екінші рет бала көтеру мүмкін еместігін айтты. Сол кезде істеген ісіме қатты өкіндім, жыладым... Амал не? Өткенді қайтара алмайсың. Бір перзентке зар болып, жеті жыл жүрдім. Жақындарыммен және жолдасыммен ақылдаса келіп, бала асырап алдық. Бауырымызға қырқынан енді ғана шыққан сәбиді бастық... Мен өмірде бір нәрсені ғана ұқтым: адам не істесе де, ойланып, оның байыбына барып қана істеуі керек екен. Әр ісіңнің жауапсыз қалмайтынын да ұқтым. Тіпті, сол істеген ісіме өмір бойы өкініп өтетінім анық".Түйін сөзБолашақ аналарымыз – бүгінгі жас қыздар құрсағын қырып, абортқа жүгініп жүргені жүрегіңді ауыртады. Мысалы, өткен жылы 15-18 жас аралығындағы қыздарға 241 түсік жасалыпты. Бесіктен белі шықпаған, қылығы түздегі қыздарымыздың тірлігі осы болып тұр. Бұл жағдай ұлтымыздың төрдегі басын көрге сүйрейтіні анық-ақ.... Бүгінгісін ғана ойлап, ертеңгісін "көре жатармызға" жауып қоя салатын жаулықтыларымыз мұндай қауіпті қадамға барғанда мойнына адам қанын жүктеп отырғанын ескергісі де келмейді.
Бүгінде әлемнің бірнеше елдерінде түсік жасауға тыйым салынған. Мұндай қадамға барғандарға үкім кесіп, заңмен қудалайды. Ал, біздің елімізде аборт жасатып, адам өлтіруге барлық жағдай жасалған. Бағасы да қолжетімді. Қалтаны қақпайды. Оларға, әрине, қазақтың қамы емес, қалтаның қоңы маңызды. Бірақ амал не? Кінәні "бұлақтың басынан" іздеген жөн сияқты. Нәтижесінде ұлтымыздың болашағына қауіп төніп, талай қаракөздеріміз қу тізесін құшақтап жүр. Болашақ аналарымыз құрсақтағы құйтақандай жан иесіне ғана емес, Қазақияға да қауіпті екенін түсінсе екен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/250262-auyldagy-agajynnan-yyat-dep-tysik-zhasajtyndar-kobejdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.