Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ОҚО-да мектеп директоры оқушылардан президентке лайық құрметті талап етті

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстанда дарынды балаларға арналған интернаттан шу шықты. Мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушыларға дейін мекеме басшысына қарсылық танытты.

Ұстаздар директордың озбырлығынан шаршаған. Раушан Жеренова мұғалімдерді үйін жинатуға дейін жұмсайды екен. Ал ата-аналар өздері жинаған қаржының қайда кеткенін түсіне алмай жүр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қошемет құмар директор тіпті мектепке өзі кіргенде барлығы шапалақ ұрып қарсы алуы керек деген қағида енгізіпті.

"Жеренова кетсін! Кетсін! Кетсін!", - деп бұлқынды Сарыағаштағы Дарын мектебінің ұстаздары. Барлығы директордың озбырлығынан шаршаған. Айтуларынша, Раушан Жеренова қол астындағы мұғалімдер мен оқушыларға дейін әбден басынып алған.

Мәселен, информатика пәнінен аптасына 9 сағат алып, бірде бір рет сабақ өтпепті. Ал 344 оқушының тамағына төленетін ақыға 800 теңге үстемақы қосып отырған.

"Үйінен қатынап оқитын оқушылар бар. Оларға 7 жарым мың теңге ай сайын төленеді. 7 жарым мың төленгенде, ол былайша айтқанда, ешқандай кіріс-шығыс құжаты жоқ. Одан 200-ден асқанға көбейтер болсақ, 2 миллионға тарта қаржы болады", - дейді мұғалім Әбдіманап Тасболат.

Раушан Жеренованың бұл мектепке басшы болып тағайындалғанына 5 айдан асқан.

Директор қысқа мерзім ішінде ұнамаған ұстаздарды жұмыстан шығарып, қалғандарына өзінің жеке басына табынуды тапсырыпты.

"Кез-келген думан залында болып жатқан мерекелік кештерде ол кісі келіп кірген кезде оқушылар орнынан тұрып, шапалақты ұрып, қарсы алады. Ол дәстүрге айналып кеткен. Енді оны біздің мұғалімдер арасында дәстүрге айналдырмақшы", - дейді директордың орынбасары Лескүл Құрбанова. 

Мекемеге басшы болуды, қожайын болу деп ойласа керек ұжымдағы қызметкерлерді жеке қызметшісі ретінде жұмсайды екен. Мәселен, үйін жинатып, тамағын әзірлететін көрінеді.

"Апта сайын бір адамды жібереді. Сол барып, жинап келеді. Үйін жинап келеді. Ол біздің арамызда. Тех.персоналдың арасында ол дегенің", - дейді еден жуушы Зухра Рахманбердиева.

Ал үйін жинамаған адамдарды директор мектеп қуып шығарамын деп қорқытқан. Мектептегі былықтан оқушылардың өздері де шаршаған.

Арамдықты таптаймыз! Адалдықты жақтаймыз! Мұғалімдерді жақтаймыз!

Мектеп алдындағы шудан хабарсыз басшы ең соңынан келді. Жиналғандардың екпінінен шошынды ма, әйтеуір көп тұрған жоқ. Ұстаздардың айтқаны жалған. Бәрі белгілі азаматтардың ұйымдастыруымен болып жатқан "жәйт" деп бет бақтырмады.

"Тәртіп орнатылады. Бұл жерде бұл ұжымды тәртіпсіздікке шақырған үш адам бар. Ол оқу ісі жөніндегі директор орынбасары Арапова Әсел, одан кейін оған қосылған тәрбие жөніндегі орынбасар Лескүл Құрбанова және бас есепші Абаев Әбей", - деп түсіндірді Дарын мектеп интернатының директоры Раушан Жеренова.

Қазір аталған азаматтарға қатысты директор білім бөлімі мен прокуратураға хат жолдапты. Ал, мұғалімдер өз кезегінде Білім министрлігі мен Қаржы полициясына, Бас прокуратураға шағым жазды. Бірден Астанаға жіберген.

Себебі, ұстаздар қолы ұзын директордың жергілікті шенділермен тығыз байланыста екеніне сенімді. Егер, нәтиже болмаса "Дарынның" мұғалімдері де, оқушылары да бірауыздан "кетеміз" деп бекініп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/299108-oko-da-mektep-direktory-okushylardan-prezidentke-lajyk-kyrmetti-talap-etti/

pixel