Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шиеліде 8-ші баласына жүкті ана сабан үйде тұрып жатыр

Жарияланған күні:

Қызылорда облысы Шиелі кентінің 7 балалы тұрғыны Жұлдызай Орынбаева өте қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. 8-ші баласына аяғы ауыр келіншектің сабаннан тұрғызылған үйі құлағалы тұр.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Жары да жұмыссыз. Аудан басшылығы оларды жұмыспен қамтуға да баспанамен көмектесуге де құлықсыздық танытып отырған көрінеді.

"Күн  суытып келе жатыр. Қыста не жағамыз, не қоямыз әлі білмейміз. Қай күні мына үйдің астында қалып қоятынымызды құдай білсін бала-шағамызбен. Кіре-беріс құлап жатыр",  - дейді көп балалы ана.

Орынбаевтардың бұл үйде өмір сүріп жатқанына 8 жыл болған. Үй деген аты ғана.

Қамыс пен балшықтан тұрғызылған тар лашықтың өзін 3000 теңге төлеп жалдап тұрады.

7 баланың 5-еуі мектепте оқиды. Қалған екеуі үйде, балабақшаға орналастыруға мүмкіндіктері жоқ. Тіпті күміс алқа мен алтын алқаға да құжат өткізе алмай отырмыз дейді. Өйткені заңгерлерге барып, куәландыратын ақшасы жоқ.

"Күйеуім жұмыссыз. Ол да әйтеуір қолына не түседі сол жұмысты істей береді. Негізгі мамандығы шопыр, бірақ шопырлыққа кіргізейік десек ол жақта пәленбай мың ставка сұрайды. Өзіміз күнімізді әрең көріп отырмыз. Бірде аш, бірде тоқ отбасы жағарға отын таба алмай отыр. Күн суытса, үйдің іші аңырап, балалар қайта-қайта ауырып қала береді",-дейді ана.

Ал Орынбаевтар отбасындағы оқушылар үшін сабаққа бару мұң. Үлкен ұлы Нұрдәулет кластағылардың жаман үйде тұрасың деп мазақтайтынын айтады.

Ал Шиелі ауылының атқамінерлері қолдан келер көмек, тек жөндеу жұмыстарын жүргізіп беру дейді.

"Алдағы уақытта ол кісілерді тұрғын үй кезегіне тұрғызамыз. Баспанасы жоқ, көп балалы отбасы есебінде. Үй салып бере алмаймыз. Ремонтына, отын-суына көмектесеміз",- дейді Шиелі кентінің әкімі.

"Шенеуніктердің құлағалы тұрған үйді жөндеп береміз дегені таң қалдырады",- дейді Орынбаевтар. Шындығында, тиіп кетсең шашылып қалғалы тұрған үй бұзуға ғана жарайды. Ал пәтер кезегіне тұрғызуға көп күш керек емес.

Қорғансыздың күйін кешкен отбасының ендігі үміті демеушілерде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/334639-shielide-8-shi-balasyna-zhykti-ana-saban-yjde-tyryp-zhatyr/