Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан халқы 2014 жылы ең көп талқылаған оқиғалар

Опубликовано:

2014 жыл аяқталар тұста NUR.KZ еліміздегі маңызды оқиғаларға шолу жасады.

 

Фото: ztb.kz

Биыл елімізде түрлі оқиғалар орын алды. Спортшыларымыздың ірі жеңістеріне қуандық, Құрманғазы мен Пушкинді сүйістерген постерді көріп, ұяттан бетімізді бастық. Ұлттық валютаның жағдайы күн сайын назарымызда болды.

Ендеше, ең көп талқыланған жаңалықтар тізбегін назарларыңызға ұсынамыз.

Теңгенің құнсыздануы

2014 жылдың 11 ақпаны күні Ұлттық банк доллар курсын бақылауда ұстай алмай, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 185 теңгеге жетті. Девальвация басталған тұста шулаған халық уақыт өте келе жаңа бағамға да бой үйретті.

Алайда, жыл бойы теңгенің тағы да құнсыздануынан қорыққан халық Ұлттық банк жаққа қарайлаумен болды. Кейбір тұрғындар үн-түнсіз доллар сатып алса, енді біреулері шетелдік валютаны халыққа жария етіп сатып алды.

Ал көрші Ресейдегі рубльдің шектен тыс құлдырауы тұрғындардың уайымын одан әрі арттыра түскендей.

Девальвациядан кейінгі Алматыдағы митинг

Алматыда жүзге жуық адам теңгенің құнсыздануына қарсы қарсылық шеруін өткізді. Өздерін ешқандай саяси ұйымға жатқызбаған, бар болғаны теңгенің құлдырауы отбасылық бюджеттерін ойсыратып кеткенін айтқан халықты полиция бірнеше сағаттан соң таратып, он шақты адамды қамауға алды.

Kaspi bank SMS терроршы туралы хабарға 100 млн төлейтінін айтты

Астана мен Алматы тұрғындарына WhatsApp мессенджері арқылы таралып кеткен хат көптеген банкті клиенттерінен айырды.

Атап айтар болсақ, "Kaspi bank", "Банк Центр Кредит", және "Альянс банкінің" банкротқа ұшырап, жабылатыны туралы хат тұрғындарды дүрліктірді.

Осыдан соң, депозитте сақталған ақшаларын қайтарып алу үшін жүздеген адам кезекке тұрды. Ал Kaspi bank төрағасы Михаил Ломтадзе бұл ақпараттың жалған екенін айтып, смс-ты таратқан адамды тапқандарға 100 млн теңге төлейтінін айтты.

Қазақстан атауын "Қазақ елі" деп өзгерту

Нұрсұлтан Назарбаев ел атауы өзгеруі мүмкін екенін айтты. "Көптеген Орталық Азия елдеріндегі секілді, біздің елімізде де "стан" жалғауы бар. Шетелдіктер 2 млн тұрғыны бар Моңғолияға көп назар аударады. Өйткені, ол елдің атауында "стан" жалғауы жоқ. Сондықтан, ел атауын "Қазақ елі" деп өзгертуді ойластыру керек. Алайда, бірінші кезекте халықпен ақылдасқан жөн", - деді елбасы.

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастайды. Одаққа Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері мүше. Сонымен қатар, Армения мен Қырғызстан мүшелікке өтеді деп күтілуде. Назарбаев бұл одақ туралы: "Еуразиялық экономикалық одақ, ең алдымен, қарапайым халықтың игілігі мен мүдделері үшін құрылуда", - деп атап өтті.

Кәрім Мәсімовтің билікке қайта оралуы

Мәсімовтің бұрынғы орынтағына қайта оралуы халық арасында көп талқыланды. Көптеген мамандар Кәрім Қажымұқанұлы ескі де жаңа қызметіне қайта кіріскен соң, танымалдығы одан әрі арта түседі деген. Алайда әзірге Мәсімов қандай да бір жарқын істерімен ел көзіне түсер емес.

Денис Теннің қола жүлдесі

Сочиде өткен кезекті қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасына жалғыз жүлдені Денис Тен сыйлады.

Әдетте мәнерлеп сырғанау спортынан бай тарихы жоқ, бұрын-соңды қандай да бір жетістіктерімен мақтанбайтын Қазақстанға Олимпиаданың қола жүлдесін алып берген Денис елде үлкен құрметке ие болды.

Олимпиада чемпиондарының соттасуы

Олимпиада чемпиондарының даулы мәселелердің ортасында жүруі бірінші рет емес. Бақыт Сәрсекбаев бапкерімен дауласса, Бақтияр Артаев түнгі клубта назарға ілікті.

Айсұлу Ибрашева есімді қыз би алаңында өзінің "жұмсақ жерінен" шапалақпен салып жіберген Бақтияр Артаевты кінәлаған. Біраз уақыт бойы даурыққан екі тарап ақыры мәселені жылы жауып қойды. Халық алдына шығып, өзінің кінәсіздігін айтқан Артаев кейін Лондонға оқуға кетіп тынды.

Сонымен қатар, ауыр атлетикадан Лондон Олимпиадасының чемпионы Майя Манеза да ел назарын өзіне аударды. Ол көлігімен жол апатына ұшыраған болатын. Сол мезетте жанында болған Майяның күйеуі, еліміздегі танымал зілтеміршілердің бірі Вячеслав Ершов журналистерді балағаттағанымен есте қалған еді.

"Ice Bucket Challenge" эстафетасы

Амиотрофикалық скелероз ауруына шалдыққан жандарға көмектесу мақсатымен жасалған бұл эстафетаға бүкіл әлем халқы қатысты десек, артық емес. Қазақстан да бұл эстафетадан тыс қалған жоқ. Еліміздегі спорт және өнер жұлдыздарының барлығы дерлік атсалысты. Бірақ, Геннадий Головкиннің әрекеті бәрін де таңқалдырды. Ол үстіне су құйып қана қоймай, мұз толтырылған ваннаға 10 минут жатып шықты.

Путиннің Қазақстан мемлекеттігін жоққа шығаруы

Бүкілресейлік жастар форумында Владимир Путин: "Ол (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтардың ешқашан мемлекеттілігі болмаған еді" деген болатын.

Содан соң, тамыз айында Ұлытау өңірінде сұхбат берген елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым әріде жатқанын және келесі жылы қазақ хандығының 550 жылдығы жоғары дәрежеде атап өтілетінін айтты. Бұл өз кезегінде Путиннің қазақ мемлекеттігін жоққа шығарғанына берілген жауап секілді көрінді.

Алматы колледжінде гранатаның жарылуы

Сән және дизайн колледжінде әскери граната жарылып, бір студент көз жұмды. Алғашқы әскери дайындық пәнінде әскери гранатаның қалай келгені тексеріліп жатыр. Ал жарылыстан бірнеше студент ауыр жарақат алды.

Калачи халқының ұйқыға кетуі

Ақмола облысына қарасты Калачи ауылының адамдарын ұйқы қысты. Бүгінге дейін жасы мен кәрісін қосқанда 70-тен аса адам ұйқы ауруына шалдыққан. Алғаш рет 2013 жылы пайда болған бұл дертті түрлі мамандар зерттеп, дауасын табар емес.

Серік Ахметовтың қамалуы

Премьер-министрдің кабинетін Мәсімовке босатып беріп, өзі Қорғаныс министрі болып кеткен Серік Ахметовке аяқ астынан айып тағылып, үйқамаққа алынды.

Бұрынғы премьерге жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылып, барлық мүлігі тәркіленуде. Одан бөлек, Серік Ахметовтің өз өңірі Қарағанды облысының басшылары да түгелдей қамауға алынды.

Илья Ильиннің төртінші алтыны

 

Алматыда ауыр атлетикадан лицензиялық әлем чемпионаты өтіп, қазақ спортшылары 3 алтын жеңіп алды. Қазақ ауыр атлетикасы тарихында тұңғыш рет қазақ баласы алтын алды. Ол - 94 келіде сынға түскен Жасұлан Қыдырбаев.

Одан бөлек,  Жазира Жаппарқұл қазақ қыздары арасында тұңғыш рет әлемдік сынның күміс медаліне иелік етті.

Ал екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин әлем рекордын жаңартып, әлем чемпионатындағы алтындарының санын 4-ке жеткізді.

Мақсат Үсенов тағы да жол ережесін бұзды

Жол ережесін жиі бұзудан алдына жан салмайтын Мақсат Үсенов тағы да ереже бұзды. Қуанышқа қарай, бұл жолы адам шығыны жоқ. Басынан жарақат алған 38 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді.

Ал 66 мың теңге айыппұлын төлеп, санаулы күнін темір торда өткізген Үсенов бірден Дубайға тартып кетті. Шамасы, демалып алуды ойласа керек.

Франсуа Олланд пен қазақ шапаны

Қазақстанға алғаш рет ресми іссапармен келген Франция президенті Франсуа Олландқа қазақы қонақжайлықпен шапан жабылған болатын.

Олландтың қазақ шапанын киіп түскен суреті дереу интернетте хитқа айналды. Әлеуметтік желі қолданушылары дереу Олландқа түрлі ұлт киімдерін кигізіп, әжуалай жөнелді.

Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіру

Қазақ пен орыс халқының ұлы перзенттерін сүйістірген постер интернетте үлкен дау туғызды. Пушкин мен Құрманғазы көшелерінің қиылысында орналасқан біржыныстылар клубының жарнамасына орай дайындалған постер жылдың ең жағымсыз оқиғаларының бірі деп бағалануда. Бұл істің арты үлкен дауға айналып, постерді дайындаған жарнама компаниясына үлкен көлемде айыппұл салынды.

Головкиннің жеңісі

Ал бұл жылды артынан жел сөз ертпей, жоғары нотада аяқтаған Геннадий Головкин. Биыл өткізген 4 кездесудің барлығын да мерзімінен бұрын аяқтаған Генаға шетелдік БАҚ "Қазақ Батыры" деп айдар тақты.

Еліміздегі және әлемдегі ең маңызды жаңалықтарды қазақ тілінде оқыңыз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/347002-kazakstan-halky-2014-zhyly-en-kop-talkylagan-okigalar/

pixel