Қазақстандағы ең үздік жоғары оқу орындарының рейтингі жарияланды
Жарияланған күні:
20 маусымнан бастап еліміздің барлық жоғары оқу орындары болашақ студенттердің құжаттарын қабылдауға кірісті. Қазақстандағы 100-ден астам ЖОО-ның ішінде отандық және шетелдік мамандармен ең үздік деп танылғандарын yk-news.kz-ке сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз.
Білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз қазақстандық агенттік жыл сайын "Қазақстан жоғары оқу орындарының басты рейтингісін" жариялап отырады.
Рейтингте үш жетістіктерге басты назар аударылады: студенттердің үлгерімі, сарапшылардың бағасы және түлектерге жұмыс берген мекемелердің бағалауы. Одан кейін жоғары оқу орындарын бағыттары бойынша бөліп қарастырады: көпсалалы, техникалық, гуманитарлы-экономикалық.
100 баллды толықтай жинап отырған көшбасшы ЖОО-лар көбіне ірі қалаларда орналасқан.
Қазақ-Британ техникалық университеті
Агенттік рейтінгісі бойынша техникалық мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарының ішінде үздік деп Қазақ-Британ техникалық университеті танылды.
Агенттік аталмыш ЖОО мұнай-газ ісі, химиялық инженерия және ақпараттық технология мамандықтары бойынша үздік бағдарламалар ұсынады деген тұжырым жасаған. Бұдан өзге ҚБТУ-да экономика, қолданбалы математика және бизнес пәндері оқытылады.
2009 жылы ҚБТУ өз инженерлік бағдарламалары үшін Ұлыбританияда халықаралық аккредитация иеленген алғашқы және бүгінгі күнге дейін жалғыз жоғары оқу орны саналады. 2009 жылдан бастап, ҚБТУ Лондондық экономика мектебімен (LSE) бірлескен бағдарлама бойынша оқыған студенттеріне Лондон университетінің дипломын ұсыну мүмкіндігін иеленді. Аталмыш мектепте Джон Кеннеди, Джордж Сорос, Дания ханшайымы II Маргарет және өзгелер білім алған.
ҚБТУ-да дәрістер ағылшын тілінде жүргізіледі. Сол себепті, оқуға құжат тапсыру үшін IELTS тестінен 4,5 баллдық сертификат немесе оқу орнында ағылшын тіліне тестілеуден өту талап етіледі.
ҚБТУ – еліміздегі ең қымбат университеттердің бірі. Бұл жерде бір жыл білім алу 700 000 теңгеден бастап, 2 млн теңгеге дейін барады. ҚБТУ-да осы жылы берілетін грант саны – 200 орын.
КИМЭП
2014 жылы гуманитарлық-экономикалық ЖОО-лар ішінде елімізде ең үздік танылған университет - КИМЭП.
КИМЭП бизнес, құқық, экономика, мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар, журналистика және тілдер оқыту саласында 15-тен астам бағдарлама ұсынады. Бұл университетте көптеген пәндерді шетелдік профессорлар жүргізеді. Сол себепті, ағылшын тілін білу міндетті деп саналады. Екі диплом алу мүмкіндігі де қарастырылған (қазақстандық және шетелдік).
КИМЭП елімізде алғаш болып америкалық кредиттік жүйені қабылдаған. Бұл жүйе бойынша оқу орнында алдағы семестрде студенттер қай пәнді оқитындарын өздері таңдау мүмкіндігіне ие болады. Ақылы оқитындарға пән бағалары кредит санына қарай 46 мыңна 136 мың теңгеге дейін барады.
Бакалавриат үшін семестрде қажет етілетін кредиттер саны – 15. Яғни бір семестрде студент жылына 690 мың теңгеден 2 млн 40 мың теңгеге дейін төлеп отыруы тиіс. Бұдан өзге студенттерге Алматы қаласында айына 30 мың теңгеге баратын жатақханалар ұсынылады.
Көпсалалы ЖОО-лар тобындағы үздіктер – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы)
ҚазҰУ-да 64 мамандық бойынша бакалавриат студенттерін даярлайды. Олардың ішінде 36 мамандық пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Оқу кредиттік технология бойынша жүргізіледі.
Университет жүйелі түрде шетел компанияларының жұмысқа алу жәрмеңкелерін өткізіп отырады. Жәрмеңке нәтижесінде 5-6 мың студенттің жартысынан көбісі шетелдік компанияда сұхбаттасу ұсынысын алады. ҚазҰУ түлектерінің 10-нан 9-ы диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасып жатады.
Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет (Астана)
ЕҰУ 2010 жылы QS World Universities агенттігінің рейтингісі бойынша қазақстандық ЖОО-лар ішінде алғашқы болып әлемнің үздік 500 университеттері тізіміне енді. Президент арнайы жарлықпен ЕҰУ-ға ұлттық университет дәрежесін берген болатын.
Бүгінде университетте 12 мыңнан астам студенттер білім алуда. Олар әлемнің үздік ғалымдары мен Нобель сыйлығының лауреаттарынан дәріс алу мүмкіндігін иеленген.
Университетте әр түрлі сала бойынша 12 факультет бар. ЕҰУ-да ақылы білім алу өткен жылы бір курсқа 650 мыңнан 710 мың теңгеге дейін барған.
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті
Медициналық ЖОО-лар ішінде алдыңғы шепке Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті тұрақтады.
Университет жақында 85 жылдығын тойлап өтті. Онда барлығы 5 факультетте 10 мыңнан астам студент білім алады. Жыл сайын 2,5 мыңнан астам маман даряланады. Бір жылдық оқу құны – 630 мыңнан 960 мың теңге аралығында. Оқу орнының түлектері диплом ала салысымен жұмыс тауып жатады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
ҚазҰПУ-да педагогикадан өзге құқық пен экономика сияқты салалар бойынша да мамандар даярлайды. Университетте барлығы 52 мамандық бойынша бакалавр студенттерін оқытады. Мекеменің ресми сайтында 9 мың студенттің әр үшінші студенті грант бойынша білім алатыны жазылған.
2007 жылы ҚазҰПУ Maqna Charta Universitatum-мен келісімшартқа отырып, университет дипломының Еуропа ЖОО-ларымен мойындалуына қол жеткізді. Студенттерге екі диплом алу мүмкіндігі қарастырылған. Бірі - қазақстандық, екіншісі – шетелдік. Білім алу құны өткен жылы 400 000 теңгеден басталған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/798330-qazaqstannynh-qay-zhoghary-oqu-oryndary/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.