Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көкшетауда мемлекеттік тілде қате жазылған жарнамалар жұрттың ызасын тудырды

Жарияланған күні:

Көкшетау көшелеріндегі жарнамаларда жазылған қателіктерден көз сүрінеді. Мағынасыз аудармалар, әріптік қателер мен оңды-солды қойылған тыныс белгілеріне тоқтау салуға тілдерді дамыту басқармасы құлықсыз екенін айтты.

Өйткені, оларға айыппұл салатындай өкілеттілік жоқ деп хабарлайды 31 арна.

Көкшетауда қосалқы бөлшектер "туатын" Камаз пайда болды. Қаладағы дүкендердің біріндегі атау осыны аңғартады. Ал егер жанармай бекетінде өрт шықса онда 101 нөмірін теріп, "өртке  шырылдасаңыз" болады. Осы секілді өрескел қателіктер қалада жетіп артылады.

"Міне жарнама қазақша жазылғанымен соңындағы Еркін Әуелбеков көшесін Ауельбекова көшесі деп қойған. Не орысша не қазақша емес", - дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Қуаныш Оспанов.

Ал көше толған қателікке жарнама агенттігі қызметкерлерінің көзі үйренген бе, әйтеуір аса олқылықты байқамайды. Жарнаманың мемлекеттік тілдегі нұсқасын түсінген жағдайда өзіміз, түсінбесек ғана маманның  көмегіне жүгінеміз дейді. Ал таныс сөз болса өздері аударатындарын да жасырмайды.

"Біз кейбір орысша сөздердің қазақша мағынасын түсінбеген жағдайда тіл мамандарына көмегіне сүйенеміз. Ал, агенттікке бұрыннан таныс сөздер болса оны өзіміз аударып, жаза береміз", - дейді жарнама агенттігінің қызметкері Наталья Рязенко.

Ал қалалық ономастика бөлімінің қызметкерлері, мұндай қателердің болуына себеп қолдарындағы құзырдың аздығы дейді. Яғни, әкімдік мамандарының жарнама агенттіктерінің жұмысын қадағалауға мүмкіндіктері шектеулі. Көшеде мемлекеттік тілде қате жазылған немесе тек орыс тіліндегі жарнамалар әр жерде менмұндалап тұруы да осыдан дейді.

"Біз тек ол жеке кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыстарын ғана жүргізіп, тек қана ұсыныстар айтумен шектелудеміз. Оларға қатаң түрде ескерту жасай алмаймыз, я болмаса ол қателіктердің түзетілуіне белгілі бір уақыт белгілей алмаймыз. Осының салдарынан бұл олқылық түзетілмей келе жатыр. Бұл тек біздегі мәселе емес, барлық Қазақстанда орын алып отырған жағдай", - дейді Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Арман Бердалин.

Көшедегі көп қателікті көрген тұрғындар бұл олқылықтың жуық арада түзеле қоюына күмәнмен қарайды. Тіл басқрамасы тек тұрғындардан шағым келіп түссе ғана шара қолдануға болады дейді. Алайда қателікті түзегенше оның алдын алған жөн. Сондықтан, агенттіктер жарнамаларын жарияламай тұрып,  біздің мекемеде  тексерістен өтуге міндеттейтін арнайы заң шығарылып, құзыреттілік берілсе екен, - дейді  тілдерді дамыту басқармасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/949371-kokshetauda-memlekettik-tilde-qate-zha/