Бокстан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы командалық есепте нешінші орын алды

Опубликовано:

боксшы
Махмұд Сабырхан. Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Бокстан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте екінші орынға ие болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бүгін финалда 3 отандық боксшы – Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай жұдырықтасып, бәрі жеңіске жетті.

Алдыңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан (54 келі) бұл финалда сол кездегі қателіктерін қайталаған жоқ.

Ол ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте бар шеберлігін паш етті. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады. Тіпті, 21 жастағы боксшымыз 3-раундта қырғыз төрешісіне 2 мәрте нокдаун тіркетті. Қазақ боксшысы осыған дейін шаршы алаңда Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшысын ұтқан.

Айта кетейік, Махмұд 2 жыл бұрынғы Белградтағы әлем чемпионатында да күміс жүлдеге ие болған.

Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов өзі қатысқан екінші әлем чемпионатында топ жарды. Ол финалда (71 келі) тағы бір өзбекстандық Саиджамшид Джафаровты тізе бүктірді. Алдыңғы жекпе-жектерде Асланбек Үндістан, Франция, Израиль, Тринидад және Тобаго боксшысынан басым түскен.

Нұрбек Оралбай Ташкентте өз салмағында (80 келі) қарсылас шақ келтірмей тағы бір мәрте әнұранымызды шырқатты.

Отандық боксшы шешуші жекпе-жекте Қытай атынан сынға түсетін этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанды ұтты. Осыған дейін Нұрбек Ресей, Иордания, Түркия мен Әзірбайжаннан келген боксшыдан басым түскен.

Кеше, финалдардың алғашқы күні Ұлттық құрамадағы ең жеңіл спортшы Санжар Ташкенбай топ жарып, чемпион атанған ең жас қазақ боксшысына айналды. Ал одан кейін шаршы алаңға шыққан Дулат Бекбауов (67 келі) қарсыласына жол беріп, күміс медальге қол жеткізді.

Өзбекстандағы додаға Ұлттық құрама барлық 13 салмақта спортшы апарды.

Бұл қатардағы Сәкен Бибосынов (51 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (63,5 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі), Сағындық Тоғамбай (86 келі), Айбек Оралбай (92 келі) мен Қамшыбек Қонқабаев (+92 келі) жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Ташкентте 4 алтын, 1 күміс медальді қоржынға салып, жалпы есепте 2-орын алды.

Көш басында жарыс қожайыны Өзбекстан қалды.

Жалпы Қазақстан 1993 жылдан бері егемен ел ретінде осымен 16 рет әлем чемпионатына былғары қолғап шеберлерін жіберді.

Қазір еншімізде 18 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде бар. Осының арқасында жалпы ӘЧ тарихындағы медаль есебінде Қазақстан АҚШ-ты басып озып, 3-орынға көтерілді.

Ұлттық құрама осыған дейін тек 2013 жылы Алматыда өткен дүниежүзі бәсекесінде 4 алтынға ие болған.

Тағы айта кетейік, әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) 200 мың АҚШ долларынан алды. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 мың АҚШ доллары берілді. Биылғы доданың жалпы жүлде қоры – 5,2 млн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/2020483-bokstan-alem-cempionaty-qazaqstan-quramasy-komandalyq-esepte-nesinsi-oryn-aldy/