Спорт

Зектілері

Елдос Сметов су тасқынынан зардап шеккен ауылға барып, халықпен кездесті

Жарияланған күні:

Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев
Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев. Фото: gov.kz

Республика күні қарсаңында дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен оның жеке бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев Ақтөбе облысының Қобда ауылының халқымен кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Елдос Сметов пен спортшының жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Қобда халқымен кездесті. Бұл жиынның мақсаты – жастардың спортқа деген қызығушылығын ояту, оларға жігер беру.

Чемпион ауыл жастарына ақыл-кеңесін айтып, жетістікке жету жолындағы тәжірибесін бөлісті. Сондай-ақ Елдос Сметов елімізде бұқаралық спорттың дамуына ден қойылып жатқанын атап өтті.

"Олимпиададан кейін Ақтөбе облысына келіп қалдым. Сіздердей спортқа ұмтылған жастарды, жасөспірімдерді көргеніме өте қуаныштымын. Мына  спорт кешені керемет екен. Барлық жағдай жасалған.  Менің айтарым – мақсатқа жету жолында еңбек пен табандылық өте маңызды", - деді Елдос Сметов.

Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев Қобда ауылына келіп, жергілікті халықпен жүздескен спортшы мен оның бапкеріне ерекше ризашылығын білдірді.

"Республика күні қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі кездесуді тарихи сәт деп есептеймін. Бүгінгі шара біздің жас өрендеріміздің көздеріндегі отты жағып, рухын көтерді деп сенемін", - деді аудан басшысы Ізгілік Тынымгереев.

Кездесуден соң,  Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев көктемгі су тасқыныннан зардап шеккен отбасылардың үйлеріне барды.П резиденттің биылғы көктемгі су тасқынының салдарын жою, зардап шеккендерді баспанамен қамту туралы тапсырмасы аясында Қобда ауданының Қобда және Жарық ауылдарында 147 үй салынды.

"Мемлекет басшысының қолдауымен әдемі үйлер бой көтерген. Тұтас, жаңа ауыл пайда болған. "Қиындықта далада қалдырмады" деп тұрғындар рақметін айтып жатыр. Мен өте қуаныштымын", - деді Елдос Сметов.

Айта кетейік, Франция астанасы Парижде өткен Олимпиада ойындарында 60 кг дейінгі салмақта бәсекеге түскен Елдос Сметов финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2178347-eldos-smetov-su-tasqynynan-zardap-shekken-auylga-baryp-halyqpen-kezdesti/