
30 қазанда футболдан Қазақстан чемпионаты аясында өткен "Атырау" – "Астана" ойынында жанжал болды. Кейін "Атырау" футболшысы елордалық команданың бас бапкері Григорий Бабаянды "маған қол көтерді" деп айыптады. Бұған Бабаян пікір білдірді, деп KAZ.NUR.KZ Vesti.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Атырау" клубының ойыншысы конголық Жоэль Каямба әлеуметтік желідегі парақшасында Бабаян оны матчтан кейін ұрып жібергенін айтты.
"Астана" сияқты клубтың бас бапкері қарсылас команданың ойыншысын еш себепсіз ұрып жібергеніне сене алмаймын. Мұндай әрекеттер осындай әдемі елдің бейнесін құртады. Сіз осындай деңгейдегі маман болған соң, эмоцияларыңызды көпшілік алдында басқара алуыңыз керек. Мен 10 еселеп жауап қайтара алар едім. Бірақ алаңдамаңыз, келесі жолы кездесеміз", - деді Каямба.
"Астана" командасы бас бапкерінің айтуынша, "Атырау" ойыншысы елордалық клуб өкілдерін арандатқан.
"Соңғы ысқырықтан кейін мен "Атыраудың" бас бапкері Виталий Жуковскийге қол алысып, ойын үшін алғыс айтуға бара жаттым. Бірақ "Атырау" футболшысы Жоэль Каямба ызаланып, клубқа, жаттықтырушылар штабына және командаға айқайлап, тіл тигізе бастады.
Сигневич, Стасевич сияқты тәжірибелі және әдепті футболшылар және басқалар келіп әдеттегідей қол алысты, ал бұл арандата бастады. Жалпы оның кешегі қылығынан соң ол бүгін осындай нәрсе жазатынына күмәнданбадым. Кеше ол өзінің бет-бейнесін көрсетті.
Сол жерде болғандар, оның ішінде "Атыраудың" бас бапкері Виталий Михайлович Жуковский менің сөзімді растайды. Қазір тарап жатқан видеода мен Каябаны ұрмағаным және олай жасауға тырыспағаным көрініп тұр. Мен оның бас киімін жөндеп, үндемеуді сұрадым. Егер ол өзін кінәлі сезінбесе және оның арандатушылық екенін түсінбесе, маған жанжалдан кейін қол алысу үшін келмес еді", - деді Бабаян.
Еске салайық, "Астана" ұжымы "Атырауды" 3:2 есебімен жеңді. Бас төреші Рустам Омаров VAR көмегіне жүгініп, пенальти тағайындағаннан кейін 101-минутта елордалық клуб жеңіc голын соқты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2181258-astana-futbol-klubynyng-bapkeri-oiynnan-keiin-futbolshyga-qol-kotergeni-ras-pa-video/